Шығыстa жайылым тапшылығы мәселесі жыл соңына дейін шешілмек
Шығыс Қaзaқстaн oблысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылық жерлердің тапшылығы сезіледі. Біраз тұрғындар үшін азын-аулақ малына жайылым мен шабындық табу – күрделі мәселе. Десек те, өңірде мыңдаған гектар жерді меншігіне алып ап, не өзі қолданбайтын, не басқаларға жалға да бермейтіндер бар.
Өскеменге жақын орналасқан, халқы тығыз аудандардағы жер тапшылығын түсінуге болар. Алайда тұрғындары сиреп қалған шалғайдағы, шекара маңындағы ауылдарда да мал жаятын, шөп шабатын жер табу қиын. Себебі, жер телімін 49 жылға жалға алған байшікештер өз учаскелеріне ешкімнің малын жолатпайды.
Облыста бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтару ісі жүріп жатыр. Бірақ, оның нәтижесі аса байқалмайды.
Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев иесіз жатқан аграрлық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, мұқтаж шаруаларға бөлу бойынша тапсырма жүктеген болатын. Бүгінгі таңда облыс бойынша қараусыз жатқан жерлердің толық тізімі әзірленді. Қолданылмай жатқан 1 миллион гектардан астам жердің бар екені белгілі болды. Ал жайылымға деген қажеттілік 55 мың гектардың шамасында, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.
Сала жетекшісі берген деректерге сүйенсек, жайылымдық жерге сұраныс Өскеменнің іргесінде, сонымен қатар Ұлан ауданында жоғары. Ал аталған бос жатқан телімдерді мемлекетке қайта алу ісіне бір жылға жуық мерзім кетеді екен.
Бұл мәселені қазіргі уақытта аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің жеке бақылауына алған. Былтыр облыс бойынша 1 607 000 гектар жайылым қажет болатын. Иесіз жатқан жерлерді қайтару есебінен бұл қажеттілік біршама азайыпты. Ал, биыл облыс екіге бөлінгеннен кейін ықшамдалып қалған Шығыс Қазақстандағы жетіспейтін жайылым аумағы бірден 55 000 гектарға кеміген. Әкімдік мамандары, бұл мәселе толық шешіледі деп сендіруде. 45 мың гектар қайтарылатын жерлер есебінен алынса, қалған 10 мың гектар ауыл маңындағы, орман қорындағы учаскелерден алынады.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов жайылымдық жер мәселесі осы жылдың аяғына шекті біржолата шешілетінін айтып отыр.
Бұрын өңірде жайылым тапшылығы мәселесі жиі көтерілмейтін. Оған себеп – елде мал басы аз болды. Қазір мал саны көбейіп келеді. Соған орай жайылымға, шабындыққа деген сұраныс та арта түсті. Бұл – қуантарлық жайт. Жұрт ертеңін ойлай бастады, мал асырап, кәсібін бала-шағасына мұраға қалдырғысы келеді, – деді осы мәселеге қатысты жауап берген өңір басшысы.
Әрине, малы көбейген халық жер іздей бастайды. Ал, шалғайдағы ауылдарда мал бағудан басқа айналысар кәсіп жоқ. Күнкөріс қамымен төрт түлікке арқа сүйеуге мәжбүр.
Облыс басшылығы айтып отырғандай, жыл соңына шекті жайылым мәселесі толығымен шешілсе, келер жылы Шығыс жұрты жерден тарықпауы тиіс.