Шығыста жаңа электр станциясы бой көтереді
Қазақстанда 8 жаңа электр станциясы салынады.
Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды. Сонымен қатар, жобаның басталуына орай уақыт капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті.
Жаңа электр станциясының құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, энергия жүйесіндегі қуат тапшылығы тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ өңірдің индустриялық дамуына және инвестициялар тартуға қосымша мүмкіндік жасауға бағытталған.
Жобаның жалпы құны 759 млрд теңгені құрайды. Стратегиялық нысанды іске асыру 2026–2032 жылдарға жоспарланған. Жобаға сәйкес, станция пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын 5 млрд кВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіретін болады. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Қазақстанда көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жоба қабылданған. Оның аясында жаңа және жаңғыртылатын қуаттардың жалпы көлемі 7,8 ГВт-қа жеткізіліп, 8 жаңа электр станциясын салу көзделген.
Жаңа құрылыс бағдарламасы еліміздің энергетикалық жүйесіндегі маңызды тораптарды қамтиды. Оның аясында Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын конденсациялық электр станциясы, Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт), Қарағандыдағы ЖЭС (350 МВт), Екібастұздағы ЖЭС (180 МВт), сондай-ақ Жезқазған (500 МВт), Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланған.