Шығыста тоғыз гидронысан мемлекетке қайтарылады
Шығыс Қазақстан облысында иесіз қалған тоғыз гидронысан мемлекетке қайтарылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері хабарлады. Қазір әкімдіктердің балансына бес су шаруашылығы объектісі қабылданған.
Кеңес дәуірінде салынған нысандарды 30 жыл бойы ешкім күтіп ұстамаған. Енді олардың барлығы тексеріліп, егістіктерді суаруға пайдаланылады. Облыста 130-дан астам гидротехникалық нысан жұмыс істесе, оның 89-ы жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар аймақта биіктігі 20 қабатты үймен тең Үйдене бөгеті бар. 70 мың текше метр суды жинап тұратын нысанның шлюздерін де қалпына келтіру міндеті тұр.
Нысандар мемлекет иелігіне өткенде тексерулер басталады. Осы күнге дейін шешімін таппаған күрделі проблемалар анықталады. Жөндеуге қажетті қаражат бөлінеді, - дейді Ертіс бассейн инспекциясы бөлімі филиалының жетекшісі Светлана Леонтьева.