Шығыста шөп шабу науқаны қарқын алды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Малдың қысқы азығын дайындау науқанын бастап кеткен өңір шаруалары биыл пішен түсімінің өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда мол болатынын айтып отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Қуанбаевтың айтуынша, биылғы жылы топырақ қабатының ылғалын, жауын-шашын түсімін ескерген өңір шаруалары 2490 мың тонна шөп шабуды жоспарлап отырған көрінеді.
Ағымдағы жылы шабындықтар мен табиғи жайылымдардан пішеннің жоспарланған түсімі гектарына жеті центнерден болады деп болжап отырмыз. Өткен жылы бұл көрсеткіш гектарына 6,9 центнерді құраған болатын. Ал егістіктерде өсірілген бір жылдық шөптерден пішеннің жоспарланған түсімі гектарына 14,1 центнерді құрайды деп болжануда. Былтыр бұл көрсеткіш гектарына 16,5 центнерді құраған еді. Сонымен қатар, егістікте өсірілген көпжылдық шөптерден пішеннің түсімі гектарына 21,3 центнерден болады деп отырмыз. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейде қалып отыр, – дейді Ертай Қуанбаев.
Жауапты тұлғаның айтуынша, соңғы бірнеше жыл қатарынан орнаған қуаңшылық шөп түсімін бірқатар деңгейде төмендетіп жіберген көрінеді. Атап айтсақ, былтырғы жылмен салыстырғанда шабындықтар мен табиғи жайылымдардағы пішеннің түсімділігі 16, ал егістіктерде өсірілген бір жылдық шөптердің түсімділігі 13,5 пайызға төмендеген.
Биыл өңірдегі шаруашылықтардың шөп шабу науқанына деген дайындығы 100 пайызды құрайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылы облыс бойынша шөп шабу науқанына 1700-ге жуық шаруашылық жұмылдырылады. Атап айтсақ, аталмыш науқанға жалпы саны 38,5 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылса, оның 17 мыңы тракторлар, ал қалғаны жем-шөп жинайтын комбайндар, шөп шапқыштар, жүк көліктері мен басқа да техникалар болмақ, - деп қосты Ертай Қуанбаев.
Айта кетсек, бүгінгі таңда шөп шабу науқанын облысымызда Үржар, Күршім, Шемонаиха, Бородулиха, Глубокое, Ұлан, Тарбағатай және Алтай сынды сегіз аудан бастап кеткен.