Шығыста сайлаушылардың белсенділігі жоғары

Шығыс Қазақстан облысында барлығы 533 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Біз барған Өскемендегі №32 учаскеде сайлаушылардың белсенділігі жоғары екен. Жас техниктер станциясында дауыс беріп жатқан жастардың қатары мығым.

Аға буын өкілдері бұл үрдіске ерекше риза екендіктерін жеткізді.

Мен әрқашан белсенді азаматтық ұстаным жағындамын. Жалпы, біздің қатарластырымыз көптеген ірі елдік істердің куәсі болды, сондықтан болар мұндай іс-шараларға жауапкершілікпен қарайды. Алайда мен осы жолы дауыс беруге келген жастар көп екенін байқап отырмын. Бұл қуанышты жаңалық. Себебі жаңа бастамалар, тың идеялар, өзгерістер қашан да жастардың қатысуымен болады, – дейді қала тұрғыны Любовь Аненькова.

Ал, №30 және №31 сайлау учаскелерінде егде жастағы адамдардың белсенді екені байқалады.

Бұл аудандағы тұрғындар саяси науқандарға бейжай қараған емес. Біз мұны жылдар бойы байқап келеміз. Бүгін де белсенді. Бұл жолғы сайлау Наурыз мерекесінің қарсаңында өтіп жатқандықтан, біз келушілерге мерекелік дастарханнан дәм татқызуды жөн көрдік. Жалпы, науқан заң аясында өтіп жатыр. Ешқандай құқықбұзушылықтар тіркелмеді – дейді сайлау учаскелері орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Ғазизова.

Өскемендегі №7 мектепте орналасқан №96, 100 сайлау учаскелерінде де қала тұрғындары өз таңдауын жасап, дауыс беріп жатыр. Таңнан бері сайлауға келген жұрттың арасында жас та, кәрі де бар.

Аталған сайлау учаскесі өкілдерінің айтуынша, 80 жастан асқан үш қария өздері келіп дауыс беріп, таңдауын жасап кеткен. Дауыс берушілер арасында орта буын өкілдері аса белсенді көрінеді. 

№96 сайлау учаскесінің сайлаушылары да саяси додадан қалыс қалмаған.

Иә, сайлауға келушілердің арасында орта буын өкілдері көбірек көзге шалынады. Алайда аяңдай басып келіп жатқан ақсақалдар да жоқ емес. Біз дауыс берушілердің де пікірін білген едік.

Сайлау өтеді де кетеді. Біз де таңдауымызды жасадық. Алайда атойлап саяси додаға түскендер жеңіске жеткеннен кейін уәдесін орындап, халықтың үніне құлақ асса екен. Мен өз басым мынау айтылып жүрген Жаңа Қазақстан құрылса, жастарға мүмкіндік берілсе екен деп ойлаймын. Жастар жеңіске жетіп, елімізге өзгеріс әкелсе екен, – дейді қала тұрғыны Сағындық Қасымханов.

Атап өтерлігі, сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған.

Жергілікті атқарушы органдар таратқан ресми деректерге сүйенсек, облыста дауыс беру кезінде ерекше шарттарды талап ететін барлығы 1784 адам бар, оның ішінде 650 адам мүгедек арбасын пайдаланса, 700 адамның көру қабілеті, 434 адамның есту қабілеті нашар.

Өңірде дауыс беру кезінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар сайлауға қатыса алатын 312 сайлау учаскесі белгіленген. Ерекше қажеттілігі бар адамдар дауыс беретін 495 учаске бірінші қабатта орналасса, 472 учаске пандуспен, 482 учаске түрлі тактильді көрсеткіштермен жабдықталған.

Сондай-ақ 424 учаскеде тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған сайлаушылардың, оның ішінде мүгедек арбасын пайдаланушылардың қажеттілігін ескере отырып жасырын дауыс беруге арналған кабиналар қарастырылған. 502 учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар тұратын бес елді мекенде 15 инватакси ұйымдастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы