Шығыста орақ маусымы аяқталуға жақын

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Үстіміздегі жылы өңірдегі егістік алқаптарының басым бөлігіне дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілді.

Биылғы жылы аймақта орылатын егістіктердің аумағы 1079,8 мың гектарды құрап, басым бөлігіне дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілді. Бүгінгі таңда осындай алқаптар орналасқан егістіктердің жалпы аумағы 602,6 мың гектарды құраса, 446,3 мың гектарға май дақылдары егілді. Жалпы, майлы дақылдар отырғызылған алқаптардың 419,5 мың гектарына күнбағыс дақылы себілген. Өйткені, өңірдің шаруалары осы дақыл түрін өсіруге көбірек машықтанған. Сонымен қатар, Шығыс брендтерінің бірі саналатын – картоп алқаптарының көлемі биыл 18,2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, көкөніс дақылдарының көлемі 7,9 мың гектарды құраса, бақша дақылдарының үлесі 4,8 мың гектарды құрады. Алайда, бұл соңғы көрсеткіш емес. Өйткені биылғы жылдың орақ маусымын тәмамдайтын статистика әлі де облыстағы шаруалармен соңына жеткізілуде.

Осындай шаруашылықтардың бірі Ұлан ауданына қарасты Донское ауылындағы «Иртыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ауыл-аймақтағы ағайынға екі қолға бір күрек ұстатқан аталмыш шаруашылық бүгінде бірнеше мың гектар аумаққа дәнді-дақыл егіп, ауылдастарына көп көмек көрсетуде. Осыдан болар, оның басшысы Анатолий Барковтың істеген игі ісі көзге шалынып, достық пен келісімге қосқан үлесі үшін «Қазақстан Ассамблеясына 25 жыл» медалімен марапатталғаны. Бір отбасының мүшесіндей болып кеткен 75 ауылдасын бір ұжымда топтастырған ол биылғы карантиндік шектеулердің қиындығын жеңіп, қойған мақсаттарына жетті.

Дәнді-дақылдарды орып болғанымызға біраз уақыт болды. Орылған дақылдарды жинастырып, өңдедік. Бірқатар бөлігін сатылымға шығарып үлгердік. Жұмысымыз негізінен дақыл егіп, одан пайда табу екені белгілі. Үстіміздегі жылы 600 гектар аумаққа арпа, ал 1000 гектар алқапқа бидай отырғыздық. Жылдың құрғақ болуына қарамастан егістіктің әр гектарынан 14-10 центнерден орташа түсімге қол жеткізіп отырмыз, - деді Анатолий Барков.

Бұдан басқа, бүгінгі күні аталмыш шаруашылық өзіне қарасты 1200 гектар күнбағыс алқаптарының үлкен бөлігін орып үлгерген. Сонымен қатар, жүгері дақылы да жиналып, сүрлемге салынған. Келесі жылға дайындық ретінде күзгі жер жырту науқаны аяқталып, техникалар ақырындап қысқы тұраққа орналастырыла бастаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы