Шығыста ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлау аясында 3 мыңнан астам шара өтті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығын мерекелеуге байланысты шаралар аймақ басшысы Даниал Ахметовтың басшылығымен құрылған өңірлік штаб арқылы үйлестіріледі.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және облыста «Игі істер марафоны» жобасын іске асыру бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчиновтың айтуынша, мерекелеу идеологиясына сәйкес, барлық іс-шаралар еліміздің барлық жетістіктерін, Елбасының тарихи рөлін айқындауға, әлеуметтік жобаларды іске асыруға, шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталмақ көрінеді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау аясында өңірде «Nur Otan» партиясымен бірге үш мыңнан астам іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде екеуі халықаралық, 66-сы республикалық, 363-і облыстық және қалғаны қалалық, аудандық деңгейдегі іс-шаралар болды. Сонымен қатар, мемлекеттік және кәсіптік мерекелер әлеуетті пайдаланылады. Көрнекі безендіру аясында облыстың елді мекендерінде «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбы бойынша 240 билборд орналастырылды. Өскемен қаласында «Жастар шығармашылығы Қазақстанның инновациялық дамуы үшін» тақырыбымен халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтті. Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта АҚШ қорғаныс министрлігі мамандарымен Қазақстандағы АҚШ елшілігі өкілдерінің қатысуымен ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша кездесу ұйымдастырылды, - деді Азамат Мұхамедчинов.

Бұдан бөлек, жыл көлемінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы негізінде ұлтаралық келісімді сақтау аясында және қазақстандық бірегейлікті нығайту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Ассамблея арқылы «Біз біргеміз», «Қазақтану халық экспедициясы» және тағы басқа шаралар ұйымдастырылды. Оған қоса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға бағытталған кешенді шаралар өтті. Осы мақсатта облыстық комиссия құрамы бекітіліп, негізгі он бағыт бойынша жұмыстарын бастап кетті. Облыстық мұрағат қоры еліміздің мемлекеттік арнайы 26 мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақталмаған құрбандарын іздеудің электрондық базасы әзірленіп, толтырылуда. Сонымен қатар, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын тойлату мақсатында ғылыми-практикалық конференция өтті. Нәтижесінде ақынның мұрасын жастарға патриоттық тәрбие беруде пайдалану, ұлттық құндылықтарды сақтау және насихаттау бойынша ұсыныстар әзірленді, - деп қосты Азамат Мұхамедчинов.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы