Шығыста балабақшалар саны көбейіп келеді

Шығыс Қазақстандағы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100 пайызы балабақшамен қамтылған. Алайда екі-үш жас аралығындағы 1451 бала әлі де кезекте тұр, оның 991-і – Өскемендік бүлдіршіндер. Бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанын осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.

Бүгінгі таңда Өскемен қаласының білім бөлімі мемлекет қолдауымен жекеменшік балабақшалар ашуға инвесторлар тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында балаларды балабақшамен қамту мәселесін түпкілікті шешуді жүктеген еді.

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда елімізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Соңғы екі жылда инвесторларды тарту арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен Өскеменде 2 мыңға жуық бүлдіршінге арналған 12 балабақша ашылды, оның бірі – аутизмі бар балаларға арналған қалалық орталықтағы түзету балабақшасы. Инвесторлардың бірі – жеке кәсіпкер, «Бөбек» серіктестігінің құрылтайшысы Әйгерім Оспанова. Қазір Өскеменде «Бөбектің» 420 орындық үш филиалы жұмыс істеп тұр.

Осы жылдың басынан бері облыс орталығында 290 орындық екі балалар бақшасы ашылды. Соның бірі – мемлекеттік білім беру тапсырысы жобасы аясында ашылған инвестор Әйгерім Серікқұлқызының 150 орындық «Kinder Ville» балабақшасы. Бақша барлық заманауи талаптарға сай. Жаңа мекеменің ашылуы балаларды тұрғылықты жері бойынша тәрбиемен және оқытумен қамтуға мүмкіндік берді, сонымен қатар көптеген ата-аналардың өтінішін қанағаттандырып, тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтыды, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің мамандары.

Бүгінде облыстағы үш жастан алты жасқа дейінгі балалардың 100 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Наурыз айының басында облыс бойынша екі-үш жас аралығындағы 1451 бала кезекте тұрған, оның 991-і – Өскеменде.

Кезектілікті жою мақсатында қадамдық жоспар әзірленіп, оған сәйкес 2025 жылға қарай 2997 жаңа орын ашу жоспарлануда. Яғни, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша Өскеменде 1280 орындық 5 балабақша салу, Өскемендегі 3, Зайсан ауданындағы 1 балабақша ғимаратын (жалпы орын саны – 1780) нысаналы мақсатында қолдануға қайтару, 577 орындық 7 жекеменшік балабақша ашу.

Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған балабақшаларда 360 жаңа орын ашу жоспарлануда. Атап айтсақ, Зайсан ауданында 125 орын, Өскеменде 60 орын, Риддер қаласында, Алтай, Глубокое, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарында 25 орын пайда болады. Осылайша, мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа орындар ашу екі-үш жас аралығындағы балалардың кезегін 1282-ге дейін қысқартпақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы