Шығысқазақстандық БАҚ өкілдері кәсіби мерекесін атап өтті
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні Шығыс Қазақстан облысында биыл ерекше атап өтілді. Бірнеше күнге созылған мерекелік шаралардың ұйымдастырылуына ҚР Журналистер одағының ШҚО филиалы мұрындық болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алғашқы ұйымдастырылған шара – ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен бірлесе ұйымдастырылған «Погондағы журналист» әскери сайысы. БАҚ өкілдері форма киіп, пагон тағып «әскери адамға» айналды. Шартты түрдегі қылмыскерді қуып, уақытты қызықты өткізді. Қырағылық танытқандарға сый-сыяпат берілді.
Осындай шара биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Тілшілер бекітілген аумақта «күдіктіні» іздеді. Әріптестер шарадан соң өз лебіздерін айтып, ұсыныс-тілектерін де жеткізді, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.
Шағын футболдан Марат Қабанбай атындағы республикалық турнир өтті. Турнирге бірнеше өңірден 8 команда қатысты. Жеңімпаз атанған жетісулық «Қарекет» командасына 1 000 000 теңге табысталды. Екінші орын алған «Абай ақпарат» командасына 500 мың теңге, үшінші орынға жайғасқан «Шығыс» командасына 400 мың теңге берілді.
Бұдан өзге «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы» атанған ойыншыларға арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтар табыстадық. Белсенді өнер көрсеткен әріптестеріміз Алғыс хатпен марапатталды. Турнирге келген барша командаға көп рахмет! Марат Қабанбай атындағы бұл турнирді дәстүрлі түрде, бұдан да ауқымды етіп өткізу ойда бар, - деді ҚР Журналистер одағы ШҚО филиалының төрағасы Нұртас Солтанұлы.
Сонымен қатар боулингтен жарыс өтті. Жарысқа Өскемен, Зайсан, Самар, Ұлан аудандарынан тілшілер келді. Үздік ойын өрнегін көрсеткендерге бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Мерекелік шаралар легі 28 маусымда мәресіне жетті. Салтанатты жиында облыстағы барлық БАҚ өкілдері мен талай жыл осы салада тер төккен ардагерлердің басы қосылды. ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов қатысып, журналистер қауымына құттықтау сөзін арнады.
Шара барысында Қазақстан Журналистер одағы ШҚО филиалының төрағасы Нұртас Көшеров аймақтағы 6 журналисті Журналистер одағы төрағасының Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал 12 адамға филиал төрағасының атынан Алғыс хат табысталды. Ерекше атап өтерлігі, БАҚ-та 40 жылдан астам тәжірибесі бар Қабдылқайыр Құдайбергеновке «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі тағылды. Одаққа жаңадан қосылған мүшелерге куәліктер де табыс етілді.