Шығысқазақстандықтар ел шекарасын күзеткен ерлерді еске алды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан тұп-тура 26 жыл бұрын 7 сәуір күні Тәжік-Ауған шекарасындағы Пшихвар шатқалында қазақстандық ішкі әскердің 7-ші ротасы содырларға тойтарыс берген болатын. Осыған орай, бүгін еліміз бойынша Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде аты аңызға айналған ротаның жер құшқан 17 сарбазын еске алып, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің сыртқы шекарасын күзеткен 7-ші ротаның содырлармен болған қақтығысы күні бүгінде еліміз бойынша «Ерлік күні» деп ресми белгіленген. Еліміз бойынша өткен «Еске алу» акциясынан Ұлттық ұланның «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығы да тысқары қалған жоқ. Шараға байланысты №5518 әскери бөлімінің ауласында сарбаздардың сапқа тұру рәсімі өткізіліп, мерт болған жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Шараға әйгілі 7-ші ротаның құрамында болған шығысқазақстандық ардагерлер жауынгерлер де шақырылды.
Бүгін Ұлттық ұланның еліміздегі барлық әскери бөлімшелерінде, сонымен қатар бізде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеп жүріп, қаза тапқан жауынгерлерді еске алу рәсімі өткізілді. 1995 жылдың 7 сәуірі күні еліміздің ішкі әскері моджахедтермен болған қарулы қақтығыста өзінің 17 сарбазын жоғалтқан болатын. Жауынгерлер ТМД елдерінің шекарасынан содырлардың, есірткі тасымалдайтын топтардың асып кетпеуін қадағалаған еді. Шабуыл арқылы содырлар әскери техникаларды, оқ-дәрі мен азық-түлік тауарларын иеленіп, кейін тәуелсіз елдердің аумақтарында түрлі ланкестік әрекеттер жасамаққа әрекеттенді. Алайда, біздің сарбаздар олардың шабуылына тойтарыс беріп, жоспарларын күл-талқан етті, – деді «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік–құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Берік Тоқтаров.
Ауғанстан жағынан шабуылдаған содырлар бір сағат ішінде Тәжікстан жеріне кіруді жоспарлағанымен, қазақстандық ротаның қарулы қарсылығына тап болады. Бес сағатқа созылған ауыр ұрыстан соң, олар кейін шегінуге мәжбүр болды. Қақтығыс нәтижесінде қазақстандықтар тарапынан 17 жауынгер қаза тауып, 33-і түрлі деңгейдегі жарақат алды. Ел Президентінің Жарлығымен жандарын пида етіп, ТМД елдерінің сыртқы шекараларын күзетуде әскери міндеттерін орындап, қаза тапқан 5 адам ІІ-ші дәрежелі «Айбын» орденімен, ал 12 жауынгер «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қазірде Ауған шекарасынан аспақ болған содырларға қарсылық көрсеткен көзі тірі сарбаздардың үшеуі Шығыс Қазақстан аумағында тұрып жатыр. Бүгін бұл азаматтар да еске алу шарасына шақырылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысының Алғыс хатын алды. Солардың бірі - Ақсуат өңірінің тумасы болып келетін Дәулет Елеусізов бүгінде Өскеменде тұрады.
1995 жылдың 7 сәуірі күні Тәжік-Ауған шекарасындағы Пшихвар шатқалда жаумен бетпе-бет келдік. Ойымызда ештеңе жоқ еді. Күн әдеттегідей басталған болатын. Бізге дейін келген алты рота өз міндеттерін орындап, аман-сау кері қайтты. Біз жетінші болып шекарадағы заставаны ауыстырған болатынбыз. Шабуыл кенеттен басталды. Шатқалдың жоғарғы жағындағы жақсы позициядан шабуыл жасаған моджахедтермен қас қарайған уақытқа дейін атыстық. Көз алдымда жаңағы 17 боздағымыз жаудың оғына ұшты. Қаншама жауынгер жараланды. Десек те, біз өз позициямызды ұстап қалдық. Біз олардың ерлігін ешқашан ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да. Рухтарына мәңгі тағзым етеміз, – деді запастағы старшина Дәулет Елеусізов.
Еске алу шарасы аясында Ұлттық ұланның «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының өкілдері мен ардагерлері №5518 әскери бөлімшесінің ауласына шырша көшеттерін отырғызды. Шара соңында әскери-патриоттық әндер шырқалып, әскери бөлімнің сарбаздарына Пшихвар шатқалындағы қарулы қақтығыс оқиғасының ізімен түсірілген «Қазбат» фильмі көрсетілді.