Шығыс жұрты жол машақатынан қашан құтылады?
Омбы-Майқапшағай тас жолының Шығыс Қазақстан аумағындағы жөндеу жұмыстары келер жылдың соңында аяқталады, деп хабарлайды ШҚО-дағы BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің хабарлауынша, ұзақ жылдар жолаушыларға азап тартқызып келе жатқан бұл жол құрылысы биыл біршама тиянақталады. Тас жолдың Зайсан ауданы аумағында жатқан бөлігін жөндеу аяқталады.
Бас прокуратура үлкен жиын өткізіп, Президент тапсырмасына орай соңғы он жылда атқарылған жұмыстарға жүргізілген тексерулердің қорытындысын жария етті. Жиында айтылған өзекті мәселенің бірі – Омбы-Майқапшағай жолы. Оның ішінде Қалбатау-Майқапшағай учаскесі. Жалпы, республикалық жолдың Шығыс Қазақстан облысында жатқан бөлігінің ұзындығы – 218 шақырым, – дейді Нұржан Жұмәділов.
Бүгінде осы жолдың 170 шақырымына асфальт төселгенін атаған басқарма басшысы биыл 113-шақырымынан, яғни Боғас пен Ақмектеп арасындағы облыс шекарасынан бастап қалған бөлігі жөнделетінін айтты. Жол құрылысының жартысын жергілікті компания, қалғанын қытайлық компания жөндеп жатыр. Шетелдік мердігер қосалқы мердігерлерді жұмылдырып, жұмысты жеделдеткен.
Қазіргі біздің басты талап – құрылыс жүріп жатқан жерлердегі айналма жолдардың жағдайы, уақытында шаңын басып, қалыпты жағдайда ұстау. Сапа орталығы мен құрылыс компаниялары бұл мәселені бақылауда ұстап отыр, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, жобаны аяқтау уақыты келер жылдың соңына межеленген. Дей тұрғанмен барлық мәселе құрылыс материалдарының бағасы мен жеткізілу уақытына байланысты. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары 2017 жылы жасалғандықтан, онда көрсетілген құрылыс материалдарының бағасы қазір өзгерген.
Жалпы, биыл облыста 260 шақырымнан астам жол желісін жөндеу көзделген. 242 шақырымға жуық облыстық және аудандық жолдар орташа жөндесе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 шақырым аудандық жол қалпына келтіріледі.
Атап айтсақ, жөндеу Өскемен – Тарғын – Самар, Сібе көлдері, Зайсан – Шілікті, Ақжар – Шілікті жолдарының біраз бөлігі мен Жаңа Бұқтырма кентінің, Ақжар ауылының кіреберіс жолдарын қамтымақ.