Шығыс Қазақстанда құрғақ шөп өртеніп жатыр
Табиғи өртті сөндіруге ТЖМ құтқарушылары жұмылдырылды.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы «Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» КММ аумағында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт құрғақ шөпті, ағаштар мен орман төсенішін шарпыған.
Өртті сөндіруге жел бағытының құбылуы, тік беткейлер, ауа температурасының жоғары болуы және кірме жолдардың жоқтығы қиындық туғызып отыр.
Күштер мен құралдарды жедел басқару үшін оқиға орнында штаб құрылды. Онда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жұмыс істеп жатыр. Штаб жұмылдырылған барлық қызметтің іс-қимылын үйлестіріп, жердегі және әуедегі күштердің өзара әрекетін қамтамасыз етеді, сондай-ақ өртті одан әрі сөндіру бойынша шешімдер қабылдайды.
Өртті сөндіруге ТЖМ, ЭТРМ «Қазавиаорманқорғау», ҰҚКД және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған. Барлығы 220-ға жуық адам мен 43 техника, сондай-ақ ТЖМ «Қазавиақұтқару», ШҚО әкімдігі мен ҰҚКД-ның 5 тікұшағы тартылды.
Жету қиын учаскелерде су төгу құрылғыларымен жабдықталған ТЖМ тікұшақтары, облыс әкімдігі мен ҰҚКД авиациясы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта әуеден 100 рет су төгіліп, барлығы 288 тонна су тасталды.