Шығыс Қазақстанда мұзды жару жұмыстары басталды
ШҚО-да мұз ұсақтау үшін арнайы профилактикалық жарылыс жұмыстары ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Шемонаиха қаласында мұзды жару жұмыстары жүргізілді. Уба өзені де су тасқыны қаупі бар учаскелер қатарына жатқызылған. Күн райы жылынған кезде мұз арналарды бөгеп, жағалауларды су басуы мүмкін.
Сол себепті құтқарушылар профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізіп, қауіптің алдын алады.
Жарылыс жұмыстарын жүргізбес бұрын мамандар сол жерге барып, мұздың қалыңдығын өлшейді. Аталған жерде жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде мұздың қалыңдығы шамамен 1 метрді құрады. Тұрғындарға алдын ала сирена арқылы ескерту жасалады. Көптірдегі көлік қозғалысы уақытша шектелді. Мұз жару жұмыстарымен 10 000 шаршы метрден астам аумақ қамтылды, - дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
ШҚО ТЖД мамандары өңірде көктемгі су тасқыны қаупі наурыздың екінші онкүндігінен басталып, маусымның екінші онкүндігіне дейін созылатынын атап өтті.