Шығыс Қазақстанда екпеден бас тартатындар саны мардымсыз
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 20 жылда елімізде қызылша 3 мың есеге, паротит – 140 есеге азайып, бірнеше дерттің түп-тамырына балта шабылған. Бұл жөнінде Өскемен қаласында өткен Дүниежүзілік иммундау апталығына орай өткізілген конференцияда айтылды.
Негізгі бағыт – өмір жасты ұзарту
«Жыл сайын сәуір айының соңғы аптасы дүниежүзі бойынша иммундау аптасы ретінде аталып өтетіні белгілі. Екпе – адам өмірінің ажырамас маңызды бөлігі. Өйткені екпе арқылы жер жүзінде жыл сайын миллиондаған адамның өмірі полиомелит, қызылша, сіреспе, көкжөтел, туберкулез, «В» гепатиті, қызамық, туа біткен қызамық синдромы, эпидемиологиялық паротит, «гемофильді» жұқпа, дифтерия сияқты ауыр індеттерден аман қалатыны белгілі. Вакциналаудың көмегімен көптеген жұқпалы ауруларды және адам өлімін азайтып, қара шешек, полиомелит сияқты індеттерді толықтай жоюға қол жеткізілді», - деді ШҚО Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Саруар Шаденова.
Бұл жолғы конференцияның негізгі мақсаты адамдардың өмір сүру жасын ұзарту, тұрғындар мен медицина саласы қызметкерлерінің екпе жайын білу деңгейін жоғарлату, қоғам назарын вакциналаудан бас тартуда болатын тәуекелдер мен оның теріс салдарына аудару екенін алға тартқан ол бүгінде әлем бойынша 20 миллионға таяу баланың екпе алмағанын атап өтті.
Еселеп азайған
«2000-шы жылдары еліміз полиомелиттен таза аймақ деген сертификат алған болатын. Десек те, әлемде бұл дертті қоздыратын жабайы штамм әлі де жоқ емес. Қазіргі уақытта оның вирусы Ауғанстан, Пакистан және Нигерия сияқты мемлекеттерде бар. Ол кез-келген уақытта шетелге барған, я болмаса келген туристпен ілесіп келуі ықтимал. Десек те, соңғы жиырма жыл ішінде қызылша 3 мың есеге, паротит – 140 есеге, «В» типті вирусты гепатит халық арасында 38 есеге, ал осы дертке қарсы егілген балалар арасында – 317 есеге азайған. Көкжөтел мен сіреспе өте сирек кездесетін жағдайға жетті», - деді конференция барысында халықтың имундаумен қамтылу деңгейі жайында хабарлаған облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразитті ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Бақыт Мукиева.
Жауапты тұлғаның айтуынша, өткен жылы өңірде дифтерия, полиомелит, сіреспе, қызамық сияқты аурулар мүлдем байқалмаса, көкжөтел – 5, ал қызылша 1 рет бой көрсеткен. Сондай-ақ, рұқсат етілген минималды және максималды көрсеткіштерде (95-100%) балалардың 95,5%-ы туберкулезге, 95,7%-ы «В» типті вирустық гепатитке, 97,5%-ы – полиомелит, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, гемофильді инфекция мен «В» типті вирустық гепатитке, 97,2%-ы – пневмококты инфекцияға, 98,1%-ы – қызылша, қызамық пен эпидемиологиялық паротитке қарсы егілген.
«Бюджеттен бөлінетін қаражаттың барлық балаларды екпемен қамтуға жетпеуіне орай біз вакциналарды эндемиялық аймақтар бойынша бөлеміз. Яғни дерт қауіп төндіруі мүмкін аймақтардағы тұрғындар екпемен қамтылады. Екпеден бас тартатындар санына келсек, соңғы жылдары бұл көрсеткіш өсіп келеді. Мысалы, 2013 жылы олардың саны екі мыңнан асса, қазір бұл көрсеткіш 14 мыңнан асып отыр. Шығыс Қазақстанның бұл көрсеткіште үлесі мардымсыз, бар-жоғы 2,45%-ды ғана құрайды. Олардың көбі жеке өзінің сенімдеріне байланысты бас тартқандар», - деді Бақыт Сағындыққызы.
Департамент өкілінің келтірген деректеріне сүйенсек, облыс бойынша ата-анасы екпе алудан бас тартқан 367 бала бар көрінеді. Мұндай бас тартулар тек Абай және Күршім аудандарында ғана кездеспеген. Ата-аналары екпеден бас тартқандардың 58,4%-ы 1 жасқа дейінгі сәбилер болса, 15,5%-ы – 1-2 жас аралығындағы бүлдіршіндер, 14,3%-ы – 6 жастағы балалар, ал 12,1%-ы – 2-5 жас аралығындағы балғындар болып келеді. Дегенмен, жүргізілген жұмыстар барысында бас тартқан ата-аналардың кейбірі жөнге келіп, нәтижесінде 37 балаға екпе салынған. Олардың 19-ы Глубокое ауданының, алтауы - Өскемен қаласының, алтауы – Семей қаласының, екеуі Зайсан ауданының тұрғыны болса, Риддер қаласынан және Катонқарағай, Көкпекті, Үржар аудандарынан бір-бір баладан болған.
Дін қарсы емес
«Екпе алу ислам дініне қарсы әрекет емес. Көп адамдар екпе алудың дұрыс-бұрыстығын сұрап бізге келіп жатады. Біз оларға діни қызметкердің емес мамандардың уәжіне құлақ асуды айтамыз. Құран Кәрімде өз денсаулығын күтпеу күнәлардың күнәсі екені жазылған. Демек, екпе алу өз денсаулығыңды алдын ала қорғау деген сөз. Кейбір адамдар екпеден бас тарту кезінде «бізге мешіттегілер екпе алуға болмайтынын айтқан» деуі мүмкін. Бұл еш шындыққа жанаспайтын пікір», - деді конференциябарысында сөз алған Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Қанат Дауылбай.
Оның бұл сөзін қостаған ШҚО Дін істері жөніндегі басқармасының бас маманы Қуаныш Тәукебаев деструктивті ағым жетегінде кеткен адамның сөзін тыңдау басыңды өлімге тігумен бірдей екенін айтады. Олардың уәждерін емес, өз дәлелімізді алға тартқанда ғана жеңетінімізді тілге тиек еткен ол көпшілікті теріс ағым жетегінде кетпеуге шақырды.
«Елімізде ислам және христиан діндерінің деструктивті ағымдары бар. Деструктивті ағымдар қашан да біздің мемлекеттілігімізді, салт-дәстүріміз бен ырыс-ынтымағымызды бұзуға тырысатын ағымдар. Олар тек осы вакциналауға ғана емес, сондай-ақ толыққанды мемлекеттің барлық құрылымына қарсы. Олар екпені дұрыс емес деп санағанымен, оның не себепті дұрыс еместігін дәлелдейтін уәждері жоқ. Нақты дәлелдерді тауып бере алмайтын адамдар», - деді Қуаныш Мұратбекұлы.
Болашақтың қамы үшін
Екпе – болашақ ұрпақтың саламатты болуын қамтамасыз ететін бірден бір құрал екенін алға тартқан Өскемен қалалық №1 емханасының №3 учаскелік педиатриялық қызметі басшысының орынбасары Нәзигүл Кәрменова бүгін екпе алмаған бала ертеңгі күні дүниеге дені сау ұрпақ әкелетін ата-ана бола алмайтынын айтады.
«Бұл әсіресе қыз балаларға қатысты. Бүгінгі күні екпе алмаған балалардың ертеңгі күні дені сау ұрпақты дүниеге әкелуі неғайбыл. Кейін олардың балалары іштен қызылша, қызамық болып туып, құлағы естімейтін, туа бітті жүрек немесе ми ақауына ұшырауы мүмкін. Жалпы вакциналар тірі және өлі вакциналар болып бөлінеді. Тірі вакциналар адам аталмыш дертпен ауырған кезде пайда болса, өлі вакциналар қолдан жасалады. Оны медициналық тілмен АКДС деп атаймыз. Көпшілік нақ осы вакциналардан қорқып жатады. Әрине вакцинаның жанама әрекеттерінің болатыны рас. Бірақ олардың барлығы қауіпсіз», - деді Нәзигүл Тлеуханқызы.
Оның айтуынша, вакцинаның кері әсері баланың ағзасы бұл әрекетке қарсы тұра алмайтын кезде пайда болатын көрінеді. Егер бүлдіршіннің денесінде қандайда бір аллергиялық, анафилактикалық шок көріністері байқалса, тіпті кәдімгі тұмау белгілері байқалса да оны емдеп барып қана екпе жасату қажет. Бұл жерде бала толық жазылғанша екпе күнтізбесін өткізіп барып вакцинация жасату керек.
«Біз осы мәселе бойынша ата-аналармен жұмыс істеген кезде адам популяциясы мен микробтар, яғни микроағзалар әлемін ажыратып алғанымыз жөн. Микробтар бізбен қатар өмір сүріп, көбею үшін үнемі әлсіз ортаны іздейтіні белгілі. Ал біз болсақ микроағзалардың денемізге еніп орнығуына өзіміз жағдай жасаймыз. Осы себепті денені, шырышты қабатты күтіп ұстау өте маңызды», - деп қосты Защита теміржол ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Юрий Коляда.
Сөз соңында, дәрігерлер екпе салу мәселесі тек педиатрлар мен терапевт мамандардың ғана емес, сондай-ақ қолдану аясы тар мамандық дәрігерлерінің де назарында болуы тиіс екенін айтты. «Жұмыла көтерген жүктің жеңіл» болатынын алға тартқан олар халық денсаулығының болашағына нұқсан келтіретін кері әрекеттердің тамырына бүгін балта шабылуы керектігін баса айтты.
Қазақстан Республикасының профилактикалық екпе егу ұлттық күнтізбесі:
Жасы |
Екпе түрлері |
|||||||
БЦЖ |
ВГВ |
ОПВ/ИПВ |
АбКДС |
Хиб |
АДС-М |
ККП |
Пневмо |
|
Туғаннан кейін 1-4 күні |
+ |
+ |
|
|
|
|
|
|
2 ай |
|
+ |
+ |
+ |
+ |
|
|
+ |
3 ай |
|
|
+ |
+ |
+ |
|
|
|
4 ай |
|
+ |
+ |
+ |
+ |
|
|
+ |
12-15 ай |
|
|
+ |
|
|
|
+ |
+ |
18 ай |
|
|
+ |
+ |
+ |
|
|
|
6 жас (1-сыныпта) |
+ |
|
|
+ |
|
|
+ |
|
16 жас |
|
|
|
|
|
+ |
|
|
Және әрбір 10 жыл сайын |
|
|
|
|
|
+ |
|
|