21 Қараша 2026, 12:13
Фото: istockphoto.com
Шығыс Қазақстанда 3 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Инвестициялық жобаға бөлінген бес учаске ұзақ уақыт пайдаланылмаған. Жердің жалпы құны – 180 миллион теңге.
Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында инвестициялық жобаға бөлінген жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру барысында бес жер учаскесінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталған.
2026 жылғы тамызда серіктестік басшылығы бизнес-жобаны жүзеге асырудан өз еркімен бас тартқан. Бұл шешімге әкімшілік кедергілер себеп болмаған. Алайда жобадан бас тартқанына қарамастан, бөлінген жер учаскелері мемлекетке қайтарылмаған.
Прокуратураның араласуынан кейін жалпы құны 180 миллион теңге болатын 2 930 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қадағалау органының мәліметінше, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.