Шығыс Қазақстан облысында сейсмикалық штаб құрылды
Шығыс Қазақстан облысы сейсмикалық қауіпті аумаққа жатады. Сондықтан Алматыдағы жағдайдан соң өлкедегі тиісті құрылымдардың жұмысы бұрынғыдан да күшейтілді. Аймақта арнайы штаб құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы он жылда өлкеде 22 тербеліс тіркеліпті. Ал облыс тарихындағы ең жойқын жер сілкінісі 1990 жылы тіркелген. «Зайсан зілзаласы» деген атаумен есте қалған ол күні дүмпу күші 7-8 балға жеткен. 9 мыңға жуық үй қирап, мыңдаған адам баспанасыз қалған еді. Құлаған үй астында қалып қойған бір бала көз жұмған болатын. Соңғы жылдары облыста жер сілкінісін алдын ала анықтау, тіркеу бағытында бірнеше іс-шаралар қолға алынған. Мәселен, ғалымдар мен мамандар өңірдің сейсмикалық картасын жаңартты. Сонымен қатар қауіпті деген аудандарға жер асты толқынынан нақты хабар беретін құралдар орнатылды.
2021-23 жылдары 13 сейсмикалық датчиктер орналастырылды. Өскемен қаласында он датчик, облыс аумағында үш датчик орналастырылған. Бұл датчиктер отыз метр тереңдіктегі сейсмикалық қасиеттерді бізге жазып Алматы қаласындағы ұлттық жер сілкінісі орталығына бізден жіберіп отырады, – дейді ШҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері Нұрболат Өтеев.