Шығыс өңірінде су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында ақпан айының басында аймақ басшысының тапсырмасы бойынша басталған көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар бір сәтке де тоқтаған емес деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Атап айтсақ, өңірдің бірқатар ауданы мен қаласында, сондай-ақ таулы аймақтар мен тас жолдардың бойында тасқынға тосқын боларлық жұмыстар қолға алынған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, ауа райының тұрақсыздығы мен қар мөлшерінің шамадан тыс көп болуы әсіресе көшкін қаупін еселеп арттыруда. Сол себепті таулы аймақтардағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында «Қазселденқорғау» мамандары мен құтқарушылар профилактикалық қар түсіру жұмыстарын жүргізуде.

Трассалардың бойындағы қыраттардан 3 600 текше метр қар түсірілді. «Қазселденқорғау» облыстық филиалының мамандары қадағалайтын учаскелерге 160 қар өлшегіш құрал орнатылды және 20 көшкін маршруты әзірленді, – деп мәлім етті облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Жалпы, биылғы қыс айларында тау бөктерінен шамамен 266 мың текше метр қар түсірілгенін айту керек.

Құтқарушылардың айтуынша, наурыз – ең қауіпті ай саналады екен. Құбылмалы ауа райы мен жел – қар көшкінінің жүруіне әсер ететін негізгі факторлар дейді мамандар.

Бүгінде облыста автожолдар мен елді мекендерге қауіп төндіретін бірнеше учаске бар. Сол себепті, апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстарды тоқтатпаймыз. Алдағы күндері қауіпті беткейлерде профилактикалық жарылыстар жүргіземіз. Тұрғындарды құтқарушылардың ескертулеріне немқұрайды қарамауға, таулы аймақтарға өз бетінше барып, басын қатерге тікпеуге үндейміз, – дейді «Қазселденқорғау» облыстық филиалының бастығы Омар Дүзгімбаев.

Мамандар, сонымен қатар, таулы жерлерде жүрген кезде айқайлап, шулауға болмайтынын, мұның бәрі қар көшкінін тудыруы мүмкін екенін айтты.

Көшкін қаупі бар учаскенің маңынан көлікпен өтіп бара жатқанда тоқтамағаныңыз маңызды. Жалпы, кез келген төтенше жағдай кезінде бірден 112 нөміріне хабарласқаныңыз абзал, – деп ескертеді департаменттің баспасөз қызметі.

Облыстың бірнеше ауданындағы ондаған елді мекенге қызыл судың астында қалу қаупі төнген болатын. Жедел жүргізілген жұмыстар нәтижесінде мұндай ауылдар мен қалалардың саны біршама азайды. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте. Мұны құтқарушылар да айтуда.

Мәселен, Глубокое ауданында су басу қаупі жоғары 15 елді мекен бар болса, ондағы 2 335 адам тұратын 925 тұрғын үй айрықша бақылауға алынып отыр. Бүгінде ТЖД мамандары мен жергілікті атқарушы билік органдарының қызметкерлері қауіпті учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізуде.

Қазіргі уақытта аудандағы тоңның қалыңдығы 48 сантиметрді құраса, қар жамылғысының биіктігі 134 сантиметрге жетуде. Осыған байланысты қар шығару жұмыстарына ерекше мән беріп отырмыз. Соңғы ақпарат бойынша, елді мекендер мен өзге де маңызды нысандар аумағынан 6,6 мың текше метр қар шығарылды. Автомобиль жолдарындағы 34 су өткізу нысаны, 14 шақырым канал мен 22,3 шақырым арық қар мен мұздан, қоқыс қалдықтарынан тазартылды.​ Тоғыз мыңнан астам қап, 100 тонна инертті материал, 1,6 тонна жанар-жағармай дайындалды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде халықты уақытша орналастыратын пунктеріміз де сақадай сай. Жалпы алғанда, аудандағы гидрологиялық жағдай тұрақты әрі күнделікті бақылауда, – дейді Глубокое ауданының әкімі Елдар Тумашинов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы