Шығыс Қазақстанда ет экспорты артады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл жыл ортасына дейін Шығыс өңірінен 1338 тонна құстың еті мен 52 тонна консервіленген ет өнімі шетелге экспортталған.

Қазіргі уақытта ел көлемінде дайындалатын ет өнімдерінің қомақты бөлігін Шығыс Қазақстанның шаруашылықтары беріп отыр. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы басқармасының берген ақпаратқа сенсек, бүгінде өңір өңделген ет өнімдері мен құс етін көп ауқымда экспорттайтын аймақ саналады.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға арналған тұжырымдамада алдағы үш жылда мал шаруашылығын дамыту жоспарланған. Соның қатарында асыл тұқымды малды көбейту, сауылатын сүт көлемін ұлғайту, мал бордақылайтын алаңдарды, сүт тауарлы фермалар ашу жоспарлануда, - деді ШҚО ауылшаруашылығы басқармасының басшысы орынбасары Ербол Куанышев.

Осындай кешенді шараларды іске асыру арқылы облыс ауылшаруашылығы өнімдері экспортының әлеуетін арттырумен қатар, мал шаруашылықтарын дамытуды да көздеп отыр. Өңірден тасымалданатын ет өнімдерін негізінен еліміздің басқа облыстар және Ресей, қырғызстан мемлекеттері тұтынады. Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында өңірден 1338 тонна құстың еті Ресейге және Қырғызстанға жөнелтілсе, 52 тонна консервілі ет өнімі Рсесейге бағытталған.

Шет елдерге экспортталатын ет өнімдерінің динамикасы да жаман емес. Атап айтсақ, үш жылда ЕЭАО елдеріне шығарылған ет өнімдерінен түскен пайда 100%-дан асып жығылған. Ал, облыс 2023 жылға дейін құстың етін өндіруді жылына 25 мың тонна етпек.

Бұдан бөлек, облыста ет өнімдерін экспорт талабына сәйкестендіретін ет комбинаттары жоқ. Мұндағы шешім – Аягөзде салынуы жоспарланған ет комбинаты. Аталған комбинат жұмыс істесе ет өнімдері ҚХР-ға да экспорттаала бастамақ.

Өңірдегі ет өнімдерін шетке шығаратын шаруашылықтардың өнімдері ХАСП талаптарымен сәйкес келуі керек. Бүгінгі күні еліміздің ЕАЭО елдерімен ет және ет өнімдеріне қатысты техникалық регламенті бар, - дейді Ербол Қуанышев.

Ол ет өнімдерін экспорттауды ойлаған шаруаларға рұқсат алуда экспортер реестрінде тіркелулері қажеттігін айтады. Ол үшін шаруаның өніретін өнімі шетелдердің ветеринарлық-санитариялық талаптарымен сай болуы қажет көрінеді.

Облыста ет экспортымен айналысатын шаруашылықтардың кооперативтері немесе бірлестіктері жоқ. Дегенмен, бұл салаға шағын шаруашылықтардың қатыса алмайтындығын білдірмейді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, төрт түлікті бордақылау жұмысына отбасылық, кооперативті және шаруа қожалықтары базаларындағы мал бордақылау алаңдары қатыса алады. Ірі қара малы төлінің тірі салмағын 300 келіге жеткізгеннен кейін, ол финишті бордақылауға жіберіледі екен.

Үстіміздегі жылы 1000 бастан астам малды бордақылайтын алаңдарда өңіріміздегі ет бағытымен айналысатын 82 кооператив тіркелді. Олардың бүгінгі таңда жұмысын жүргізіп отырғаны 23. Қазан айына дейін мал бордақылайтын алаңдарға 13546 бас бұқашық өткізілді, - деп қосты Ербол Қуанышев.

Сондай-ақ, бүгінгі күні аймақта тіркелген мал бордақылайтын алаңдар саны 87 болса, оның 14-і мың бастан астам ірі қараны бордақылайтын алаңдар. Жауапты тұлғаның хабарлауынша, осындай шаруашылықтар бәсекеге қабілетті екен. Өйткені, бұларда бордақыланатын малдың айналымы, еңбек өнімі жоғары әрі төрт түлік қарқынмен азықтандырылады. Сонымен қатар, көп мөлшерде бордақыланған мал мен олардан алынатын ет өнімдеріне шетелдерде сұраныс өте жоғары.

Өңірдегі орта деңгейдегі шаруашылықтарында 50-ден 1000 басқа дейінгі төрт түлікті бордақылай алатын алаңдар саны 73 дана. Биыл жыл соңына қарай 7 мың бас мал бордақылай алатын үш алаң ашуды жоспарлаудамыз. Оның 1000 басты бордақылайтын мүмкіндігі бар екеуі Тарбағатай ауданында, ал 5000 мың бас малды бордақылайтын біреуі Көкпекті ауданындағы «Елімай» ЖШС-нің аумағында ашылады, - деді Ербол Қуанышев.

Бұдан бөле, өңір билігі келесі жылдары бордақылау алаңдарының санын тағы да еселеп көбейтуге ниетті. Басқарманың берген ақпаратына сәйкес, 2021 жылы 1000 бастан жоғары малды бордақылайтын алаңдар саны 5 бірлікке артпақ. Бұл қосымша 7,5 мың ірі қараны бордақылауға мүмкіндік берсе, 2022 жылға қарай қосымша 6,5 мың бас малды бордақылауға мүмкіндік беретін 4 бордақылау алаңы салынбақ.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы