Шығыс Қазақстанда бес жастағы бала жоғалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысы ПД Глубокое аудандық полиция бөліміне 16 сәуір күні сағат 16:30 шамасында баласын іздеп, көмек сұраған әйелден қоңырау келіп түсті, деп хабарлады облыстық полиция департментінің баспасөз қызметі.

Әйел кезекшіге сағат 14:30 шамасында оның 5 жасар ұлы жоғалып кеткенін айтты. Дереу жоғалған кәмелетке толмаған баланы іздеуге барлық күш пен құрал тартылды. Бұл ретте іздеуге Полиция департаментінің жедел уәкілдері мен қызметтік иттер қосымша іске кірісті. Кәмелетке толмаған баланы іздеу бойынша үйлестіру жұмыстарын ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев жүргізді.

Осыдан кейін бірден бала ойнап жүрген ауданның тұрғын үй массивтерін тексеру жұмыстары басталып кетті. Полицейлер баланы табамыз деген үмітпен көшелер мен үйлерді аралады. Елді-мекендегі қараусыз қалған ғимараттар тексерілді.

Екі сағат ішінде полиция қызметкерлері баланы тапты. Абырой болғанда, бәрі жақсы аяқталды - бала дін аман. Тексеру барысында ата-аналар үйдің аумағында күнделікті тіршілік, шаруалармен жүрген кезде, ойынға кіріскен бала көрші баламен ойнап, үйден алыстап кеткен екен.

Менің жоғалған ұлымды тапқан полиция қызметкерлеріне үлкен рахмет айтамын. Сізге жұмыста сәттілік тілеймін, - деді жергілікті тұрғын Наталья Кудрявцева.
Сонымен қатар елдегі су тасқыны жағдайын ескере отырып, ШҚО Полиция департаменті азаматтардан көшелерде жүрген балаларға абай болуды, жас балалар мен кәмелетке толмаған балаларды, әсіресе су қоймаларының жанында жалғыз қалдырмауды сұрайды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы