Шығыс Қазақстанда балаларды жұмысқа тартқан азамат жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тарбағатай ауданы Құмкөл ауылының тұрғыны балаларды егістікке қарбыз егу жұмысына тартқан, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиғаның анықталуына кеше таңертең Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылының 2007 жылы туған баланың жоғалып, артынша егістік алқабынан табылғаны себеп болған.

Баланың әкесі сағат 08.00 шамасында Тарбағатай аудандық полиция бөліміне келіп, баласының жоғалғаны туралы арызданып, көмек сұраған.

Хабарлама бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жасөспірімнің Тарбағатай ауданы Құмкөл ауылына қарасты «Шұңқыроба» елді мекенінде жүргендігі анықталған.


Көрсетілген мекенжай бойынша Тарбағатай АПБ кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары барған уақытта жасөспіріммен бірге басқа да Ақсуат ауылының кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдері жүрген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Құмкөл ауылының тұрғыны заңсыз түрде балалардың барлығын егістікке қарбыз егуге шақырған. Жұмыс істеуге барған барлық баланы Тарбағатай ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері Ақсуат ауылына жеткізіп, заңды өкілдерінің қатысуымен медициналық қараудан өткізді.

Өз еркілерімен, сабақ уақытында балаларын Құмкөл ауылына қарасты «Шұңқыроба» елді мекеніне еңбек етуге жіберіп, олардың өміріне, тәрбиесіне, қауіпсіздігіне немқұрайлықпен қарағандары үшін ата-аналарына қатысты жинақталған іс-құжаттар аудандық балалардың құқығын қорғау комиссиясына жолданып, ағымдағы жылдың 20 мамыр күні комиссия отырысы өткізіліп, комиссия шешімі бойынша ата-аналарына ескерту жасалды.

Аталған оқиға бойынша жинақталған құжаттар заңды шара қолдану үшін ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жолданып, ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының шешімімен құқық бұзушылық жасаған тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 86 б. 3 т бойынша жауапқа тартылды, - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы