Шығын азайып, өнім көбейеді: Қазақстанда суару жүйесі қалай өзгеріп жатыр?
Қазақстанда ауыл шаруашылығы елде пайдаланылатын су ресурстарының 60 пайыздан астамын тұтынады. Ал суару арналары арқылы тасымалдау кезінде судың 47 пайызына дейін ысырап болады. Үкімет бұл мәселені тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін енгізу, каналдарды жаңарту және цифрлық технологияларды қолдану арқылы шешуді көздеп отыр. Қанша су үнемделді, заманауи суару жүйелерін орнату шаруаларға қанша тұрады және 2030 жылға қарай қандай нәтижеге қол жеткізу жоспарланған? Бұл сұрақтарға BAQ.KZ тілшісіне ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдері жауап берді.
Қазақстанда суды үнемдеу мәселесі әсіресе ауыл шаруашылығы үшін өзекті. Елдегі жалпы су тұтынудың 60 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Алайда мәселе шаруалардың қанша су пайдаланатынында ғана емес, оның қанша бөлігі егістікке жететініне де байланысты.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, суару каналдары арқылы су жеткізу кезінде оның 47 пайызына дейін ысырап болады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Су шығынын азайту үшін Қазақстанда суару инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. 2024–2025 жылдары шамамен 1,5 мың шақырым суару каналы қайта жаңғыртылды. Тағы 4,6 мың шақырым каналдағы жұмыстар жалғасып жатыр. Ал 2026 жылы 964 шақырым каналдағы жұмысты аяқтау көзделген.
Сонымен қатар каналдарды механикалық жолмен тазарту жұмыстары да кеңейіп келеді. 2023 жылы 678 шақырым канал тазартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 840 шақырымға жеткен. Биыл 2 200 шақырым канал тазарту жоспарланған.
Алайда каналдарды жаңарту ғана жеткіліксіз. Егістікте судың қалай пайдаланылатыны да маңызды рөл атқарады.
Дәстүрлі суарудың орнына тамшылатып суару арқылы қанша су үнемдеуге болады?
Су шығынын азайтудың бір жолы – заманауи суару жүйелеріне көшу. Тамшылатып суару кезінде су өсімдіктің тамырына тікелей, аз мөлшермен беріледі. Соның арқасында ылғалдың ысырап болуы азайып, су тиімді пайдаланылады.
Бұл әдіс суды үнемдеуге және өсімдіктің біркелкі ылғал алуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде дақылдың жақсы өсіп, өнімділігінің артуына жағдай жасалады.
Министрлік мамандарының айтуынша, тамшылатып және жаңбырлатып суару, сондай-ақ егістік жерді лазермен тегістеу су шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Мұндай технологиялар судың булануын, топыраққа сіңіп кетуін және тиімсіз бөлінуін азайту арқылы оны шамамен 20–30 пайыз үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ылғал өсімдіктің тамырына тікелей әрі біркелкі жеткізіледі. Бұл оның жақсы өсіп, өнімділігінің артуына ықпал етеді, – дейді ведомство өкілдері.
Алғашқы нәтижелер де бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 543,5 мың гектарға жетті. Соның арқасында 874 миллион текше метрге жуық су үнемделген.
2026 жылы заманауи суару технологиялары тағы 158,8 мың гектар жерге енгізілді. Оның 86,5 мың гектарына тамшылатып суару, 65,9 мың гектарына жаңбырлатып суару жүйелері орнатылған. Ал 6,4 мың гектар жер лазермен тегістелген.
Осылайша, су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы жер көлемі 702,3 мың гектарға жетті.
Дегенмен министрлік 2026 жылы нақты қанша су үнемделгенін әзірге жариялаған жоқ. Мамандар оны есептеу үшін қандай дақыл өсірілетінін, суару нормаларын және судың нақты тұтынылу көлемін ескеру қажет деп түсіндірді.
Күріш алқабы азайып, тамшылатып суару көбейіп келеді
Қазақстан суды тек жаңа жабдықтардың көмегімен үнемдеуді жоспарлап отырған жоқ. Тағы бір бағыт – егілетін дақылдардың арақатынасын өзгерту. Су тапшылығы қатты сезілетін өңірлерде суды көп қажет ететін дақылдардың алқабы біртіндеп қысқартылып жатыр. Соның бір мысалы – күріш өсіру.
Министрліктің мәліметінше, былтырмен салыстырғанда Қазақстанда күріш егілетін жер көлемі 21,1 мың гектарға қысқарып, 79,4 мың гектар болды.
Мақта өсіру саласында да өзгерістер бар. Қазір мақта алқабының жалпы көлемі 173,6 мың гектар. Оның ішінде тамшылатып суарылатын жер көлемі 29,8 мың гектарға ұлғайған. Ал дәстүрлі әдіспен суарылатын алқаптар 114,6 мың гектардан 93,7 мың гектарға дейін азайған.
Жаңа технологиялар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде белсенді енгізіліп жатыр. Себебі суармалы жерлердің едәуір бөлігі осы аймақта орналасқан әрі егістікті суаруға деген қажеттілік жоғары.
Осылайша, су екі бағытта үнемделіп отыр: суды көп қажет ететін кейбір дақылдардың алқабы қысқартылып, суару тиімділігі жоғары әдістерге көшу қолға алынған.
Тамшылатып суару жүйесіне көшудің құны қанша?
Заманауи суару жүйелерінің артықшылықтарына қарамастан, оларды орнату үшін қомақты қаражат қажет.
Жабдықтардың құны бірнеше факторға байланысты. Олардың қатарында өсірілетін дақылдың түрі, шаруашылықтың көлемі, су көзі, сорғы станциясын орнату қажеттілігі, сүзгілер мен автоматтандыру жүйелерінің бағасы бар.
Сондықтан министрлік мемлекеттік қолдау көлемін есептеу кезінде қолданылатын шекті соманы атады.
Мемлекет шаруаларға түсетін қаржылық салмақты азайту үшін кешенді қолдау жүйесін қалыптастырды. Жабдықтарды сатып алу мен орнатуға, қажетті инфрақұрылым тартуға жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеу, сондай-ақ суару суын жеткізу қызметінің құнын субсидиялау қарастырылған. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын сатып алу мен орнатуға, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды тартуға жұмсалған шығынды өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Тамшылатып суару жүйесі үшін субсидия есептелетін бір гектар жердің ең жоғары құны 800 мың теңге болып белгіленген, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Мұнда 800 мың теңге бір гектар жерге тамшылатып суару жүйесін орнатудың нарықтағы нақты бағасы емес екенін ескеру қажет. Бұл – мемлекеттік субсидияны есептеу кезінде қолданылатын шекті құн.
Мемлекет сондай-ақ су ұңғымаларын бұрғылауға, қажетті инфрақұрылым тартуға, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалған шығынның 50 пайызын емес, 80 пайызын өтеуді қарастырған. Ал суды ұтымды пайдалануға ынталандыру үшін белгіленген нормадан артық су тұтыну тарифі 20 пайызға көтерілген.
2026–2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған инвестициялық субсидияларға 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда шамамен төрт есе көп.
Соған қарамастан, қаржы мәселесі шаруалар үшін негізгі кедергілердің бірі болып отыр. Министрлік заманауи суару жүйелеріне көшуге бастапқы шығынның көптігі, су мен электр энергиясының тұрақты берілу қажеттілігі, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету шығындары және шаруашылықтардың қаржылық мүмкіндіктеріндегі айырмашылықтар кедергі келтіретінін атап өтті.
Дегенмен шаруалардың жаңа технологияларға қызығушылығы артып келеді. Бұрын су үнемдеу жүйелері жыл сайын қосымша 30–35 мың гектарға орнатылса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 150 мың гектарға дейін өскен.
Жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеу: 2030 жылға қарай не өзгереді?
Келесі кезеңде су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемін 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Қазір бұл көрсеткіш 702,3 мың гектар. Демек, межеге жету үшін тағы 598 мың гектарға жуық жерге заманауи технологиялар енгізу қажет.
Министрлік жабдықтарды орнатудың қазіргі қарқыны мен мемлекеттік қолдаудың артуын ескере отырып, бұл мақсатқа қол жеткізуге болады деп есептейді.
Су үнемдеу технологияларын енгізудің нақты қарқыны мен қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын ескерсек, 2030 жылға қарай олардың қолданылатын жер көлемін 1,3 млн гектарға жеткізуге болады. Ал жылына 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеу мақсатына қол жеткізу өсірілетін дақылдардың түріне, сол жылғы су қорының көлеміне, суды тұтынудың нақты нормаларына және суару инфрақұрылымын жаңғырту қарқынына да байланысты болады, – деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар Қазақстан су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартуды жоспарлап отыр. 2028 жылға дейін су саласын дамытуға арналған кешенді жоспар аясында 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын қайта жаңғырту, сондай-ақ шамамен 14,5 мың шақырым суару каналын жаңарту және автоматтандыру көзделген.
2026 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен суару суын жеткізу туралы келісімдер биллинг жүйесі арқылы жасала бастады. Бұл жүйе суды бөлу үдерісін ашық етіп, адам факторын азайтуға тиіс.
Жалпы, Қазақстан 2030 жылға қарай шамамен 10 млрд текше метр су үнемдеуді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткішке су шаруашылығы нысандарын салу және жаңарту, каналдарды автоматтандыру, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы қол жеткізу көзделген.
Бұл ретте 10 млрд текше метр – бірнеше бағыт бойынша белгіленген жалпы мақсат. Яғни бұл көрсеткіш тек тамшылатып суару жүйесін енгізу арқылы үнемделетін су көлемі осы деген сөз емес.
Ендігі мәселе – жаңа технологиялардың шаруаларға қаншалықты жылдам қолжетімді болатынында. Өйткені суды үнемдеу нәтижесі заманауи жабдық орнатылған жер көлеміне ғана емес, каналдардың жағдайына, судың тұрақты жеткізілуіне және шаруашылықтарда қандай дақылдар өсірілетініне де байланысты. Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанның 2030 жылға қарай су үнемдеу жөніндегі жоспарларын орындай алуына әсер етеді.