Шығын 100 млн теңге. Рудныйда майнерлер 13 аурухана тұтынатындай электр энергиясын пайдаланған

Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысында заңсыз майнерлердің қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Рудный қаласының аумағында бірқатар адам тиісті лицензиясыз заңсыз майнингпен «Bitcoin»қамтамасыз етілмеген цифрлық активін (криптовалюта) өндірумен айналысқаны анықталды.

Заңсыз «майнерлер» 3 аудан орталығы немесе 27 орта мектеп немесе 13 аурухана тұтынатындай электр энергия көлемін пайдаланған, бұл жергілікті электр желілеріне орасан зор салмақ түсірген. Тінту нәтижесінде 150-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен(ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар, Wi-Fi роутерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленді, - делінген ҚМА таратқан хабарламада.

Агенттіктің цифрлық активтермен айналысатын арнайы бөлімшесі заңсыз өндірілген «Bitcoin» түскен криптобиржадағы аккаунтарды анықтады.

Алдын ала есеп бойынша заңсыз қызметтен түскен қаржының жалпы айналымы 100 млн теңгеден асады. 

Соттың санкциясымен күдіктінің мүлкіне жәнекриптовалюта аккаунтында сақталған заңсыз өндірілген цифрлық активтеріне тыйым салынды. 

Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің істері бойынша 2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 7 үкім шығарылды, олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1.2 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скрин
Өзгелердің жаңалығы