Шығын – 1 млрд теңге: мұнай контрабандасына қатысты қылмыстық топқа үкім шықты

Қылмыстық топ мүшелері мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Сот оларды нақты мерзімге бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Үкімге сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында «Mangystau Oil Refining» ЖШС, «Batys Nefte Trade» ЖШС, «Standart Petroleum» ЖШС директорлары, сондай-ақ мұнай өңдеу цехының бастығы мен зертхана меңгерушісі болған. Олар мұнайды пеш отыны ретінде көрсетіп, жалған құжаттар арқылы Ақтау порты арқылы Әзербайжанға заңсыз экспорттап отырған.

Сот оларды ҚР ҚК 234-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (экономикалық контрабанда) және ҚР ҚК 262-бабы 2-бөлігі (ұйымдасқан топқа қатысу) бойынша кінәлі деп тапты.

Сотталушылар Рамазанов, Мелкумов, Қыстаубаев, Райгородский және Кенжебеков кінәларын мойындамады, бірақ сот әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар мемлекет пайдасына 1,16 млрд теңге залал сомасы, 320 млн теңге айыппұл, 3,2 млн теңге мемлекеттік баж, 132 млн теңге іс жүргізу шығындары өндірілді.

Мемлекет кірісіне «Meliana» танкер-кемесі, мұнай өнімдері және компаниялардың мүлкі (мұнай өңдеу зауыты, кірме жолдар, эстакадалар) тәркіленді.

Айта кетейік, биыл шілдеде Ақтау прокуратурасы «Mangystau Oil Refining» ЖШС жұмысшыларына жалақы қарызы 197 млн теңгені құрағанын анықтаған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы