Шығыс Қазақстанның курортты екі ауданына апаратын жол қысқара түспек
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Жыл соңына қарай «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тас жолының ең қауіпті бөлігі саналатын Осинов асуын айналып өтетін төте жолдың құрылысы аяқталуы мүмкін. Бұл жөнінде облыстық Қоғамдық кеңес алдында есеп берген өңір басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.
«Соңғы уақытта Алтай ауданының инфрақұрылымы жаңа қарқын алды. Өзім көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте істеп келемін. Өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын: егер біз бұрынырақта биыл бір орталықтағы көшені жөндеп алсақ деп айтсақ, өткен жылы бірден 25 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, 2019 жылы алтайлықтар көптен күткен маңызды жаңалықтың бірі «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тасжолының Осинов асуы бөлігіндегі төте жол құрылысы аяқталып, қолданысқа беріле ме деп отырмыз», - деді облыс әкімінің есеп беруі кезінде сөз алған Алтай аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникова.
Мәслихат хатшысының айтуынша, тау беткейінен төте тартқан күрежол жол мұратын мақсат еткен жолаушының жолға кететін уақытын біршама қысқартатын көрінеді.
«Осинов асуындағы төте жол Алтай, одан әрі Катонқарағай және Күршім аудандарына бағыт алған жолаушының жол уақытын біршама қысқартатыны рас. Бір жылдан соң Алтай ауданына бір сағат отыз бес минутта жететін боламыз. Сондай-ақ облысымыздың көрікті өңірлерінің бірі саналатын Алтай қаласының көшелерін жөндеуді одан әрі жалғастырамыз. Біз өткен жылы көшелерді жөндесек, биыл жол шетіндегі тротуаларды мықтап қолға алатын боламыз. Жалпы, аудан көлеміндегі жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлерді жұмылдырған жөн. Оларға суқойма жағасынан жер беріңіздер, қажет болса несие де береміз. Кәсіптерін дөңгелетіп, туған жерін көркейтуге үлестерін қоссын», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
2017 жылдың жазында басталған төте жол құрылысы курортты аумақтарға бастайтын жолды қауіпсіз әрі жайлы етпек. Айналма жол «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тас жолының 53-шақырымда негізгі жолдан бөлініп шығып, 71-шақырымында онымен қайта қосылады. Әр бағытқа бір жолақты болатын жол жолақтарының жалпақтығы 3,5 метрді құрайды. Бұдан бөлек аталмыш жол бөлігінің бойында автобус тоқтайтын төрт аялдама кешені орнатылып, өзге көлік жүргізушілері мен жолаушылары тоқтап демалатын алаңшалар жасалады. 13 автокөлік сыятындай етіп жасалатын мұндай алаңшаларға күркелер, орындықтар мен автокөлікті тексеріп, жөндеуге арналған эстакадалар орналастырылады. Облыстың климаттық жағдайлары ескеріле отырып үрлесін алып қалатын жерлерге жалпы ұзындығы екі шақырымға таяу қардан қорғайтын темірбетонды қоршаулар жасалса, көшкін түсетін аумақтарға қар тоқтататын құрылыстар салынады. Сонымен қатар жол бойына түгелдей дерлік темір қоршаулар мен бетон парапеттер орнатылып, демалыс орындары мен көпір үсті жарық жамдарымен жарықтандырылады. Тау шатқалының үстінде салынатын темірбетонды көпірдің жалпы ұзындығы 177 метрді құраса, биіктігі 19, кей жерлерде 42 метрге дейін жетпек.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: автор