Шығыс Қазақстанда 230 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысының ауылдарында тұрып жатқан 230 көп балалы отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды.

Аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, көп балалы отбасылар үшін ауылдық округтерден 196 және аудан орталықтарынан 34 үй іріктеліп алынды. Бұл үйлерді сатып алуға 558,8 млн теңге жұмсалды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Глубоковск ауданының қоныс тойын тойлаған 13 отбасымен кездесті.

«Көп балалы отбасы – еліміздің байлығы. Біз ең маңызды проблемалардың бірі – көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шештік. Мені қуантатыны, бұл үйлер биліктің емес, комиссияның және көп балалы отбасылардың шешімімен сатып алынды. Болашақта қалалар мен аудан орталықтарындағы барлық баспана мәселесін шешетін боламыз», - деді Даниал Ахметов.

Осы ретте, жаңа үйге көшіп келген төрт баланың анасы Айнур Тоқтарбаева өз пікірімен бөлісті.

«Мен үлкен отбасымның өз баспанасы болғанына қуаныштымын. Біз бұған дейін кішкентай үйді жалдап тұратынбыз. Болашақта өз шаруашылығымды ашсам деп едім. Осылай қолдау көрсеткендеріңізге рахмет», - деді ол.

Айта кетейік, бұл кезде өзге аудандарда да көп балалы отбасыларға жаңа үйлердің кілті табысталды. Атап айтқанда, Бородулихинск ауданында – 37, Көкпектіде – 34, Тарбағатайда – 27, Ұланда – 23, Үржарда – 20 отбасыға үй берілді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы