"Шыңырау" фильмі Бүкілқытайлық фестивальге қатысады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссер Жаңабек Жетіруов түсірген "Шыңырау" фильмі үстіміздегі жылы қарашаның 19 мен 23 аралығында Қытайдың Сямэнь қаласында өтетін 28-ші "Алтын әтеш және Жүз гүл" ( "Золотой петух и Сто цветов") атты Бүкілқытайлық фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып жатыр.
Әбіш Кекілбаевтың повесі "Шыңыраудың" желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.
Естеріңізге сала кетсек, фильмнің түсірілімдері Маңғыстау облысында өтті. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады. Отандық туынды Бангладеште өткен 17-халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, "Үздік операторлық жұмыс" (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды.
Әбіш Кекілбаевтың "Шыңырау" повесі – қазақ әдібиетінің шыңдарының бірі. Сондықтан да бұл туынды халықаралық кинофестивальдерде үлкен сұранысқа ие болып отыр деп ойлаймын. Бүгінгі күнге дейін біздің фильм бірнеше ірі фестивальдерде көрсетіліп, лайықты бағасын алды. Енді міне, қараша айында "Шыңырау" фильмі төрт бірдей мемлекетте – Үндістан, АҚШ, Ресей мен Қытайда көрсетіліп отыр. Бұл үлкен жаңалық. Қытайда өтіп жатқан фестиваль әлемдегі ең ірі байқаулардың бірі. Осы фильмге қатысып, жұмыс істеген азаматтарға алғысымды білдіремін, - деді режиссер Жаңабек Жетіруов.
1992 жылы "Жүз гүл" (1962 жылы негізі қаланған) және "Алтын әтеш" (1981 жылы негізі қаланған) атты фестивальдер бірігіп Қытайдағы ең танымал ұлттық форумға айналды. Фестиваль барысында шетелдің және Қытайдың үздік фильмдері көрсетіліп, академиялық семинарлар, кино нарығы және көптеген мәдени бағдарламалар өткізіледі. "Алтын әтеш" сыйлығын кәсіби қазылар алқасы табыстайды.
Ал "Жүз гүл" сыйлығының жеңімпазы көрермендердің дауыс беру жүйесі бойынша анықталады.
Номинациялар бойынша жеңімпаздарды фестивальдің салтанатты жабылу рәсімінде марапаттайды.