Қытай АҚШ-тың ондаған компаниясына қарсы экспорттық шектеу енгізді
Жаңа шектеулерге сәйкес, аталған компанияларға Қытайда өндірілген және қорғаныс өнеркәсібінде қолданылуы мүмкін тауарларды сатып алуға тыйым салынады.
Қытай АҚШ-тың бірқатар компанияларына қатысты жаңа шектеу шараларын енгізді. Бұл шешім Вашингтонның қытайлық кәсіпорындарға салған санкцияларына жауап ретінде қабылданған, деп хабарлайды DW порталы.
ҚХР Сауда министрлігінің мәліметінше, экспорттық бақылау тізіміне АҚШ-тың 10 компаниясы енгізілген. Олардың қатарында сирек кездесетін металдарды өндіруші MP Materials және USA Rare Earth компаниялары бар. Сондай-ақ маңызды салаларға арналған қозғалтқыштар шығаратын Aveox және басқа да бірқатар қорғаныс және технологиялық компаниялар қамтылған.
Жаңа шектеулерге сәйкес, аталған компанияларға Қытайда өндірілген және қорғаныс өнеркәсібінде қолданылуы мүмкін тауарларды сатып алуға тыйым салынады.
Сонымен қатар, ҚХР Қаржы министрлігі АҚШ-тың 46 компаниясының өнімдерін мемлекеттік сатып алуға тыйым салды. Тізімге Lockheed Martin, RTX және Boeing-тің қорғаныс бағытындағы бөлімшелері де енгізілген.
Бейжің бұл шараларды ұлттық қауіпсіздікті қорғау және халықаралық міндеттемелерді сақтау қажеттілігімен түсіндірді. Қытай тарапы бұл қадамды АҚШ-тың қытайлық компанияларға қатысты соңғы шектеулеріне жауап ретінде сипаттап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда және технологиялық шиеленістің одан әрі ушығуын көрсетеді.