Швейцарияда "халықтың мықтылығы – мұқтаждардың әл-ауқатымен өлшенеді" – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақордада Швейцария Конфедерация президенті Ули Маурер мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты келіссөздерден кейін баспасөз алдында мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Швейцария конституциясынан тіркесті мысал етіп, екіжақты байланысты дамыту ойы бір жерден шыққанын атап өтті.

Маурер мырза бұған дейін біздің елімізге қаржы министрі ретінде бірнеше рет келген болатын... Біз Қазақстан мен Швейцарияның мол мүмкіндіктерін пайдаланып, серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу – соның жарқын дәлелі. Өзара ынтымақтастықты дамыту достас халықтарымыздың ұзақмерзімді мақсаттарына сай келеді деп сенемін. Саяси тұрғыдан Швейцария – Қазақстан үшін Еуропадағы өте маңызды серіктес. Қазіргі таңда біздің жоғары деңгейдегі байланыстырамыз табысты дамып келе жатыр. Бұл орайда ойымыз бір жерден шықты. Сонымен қатар, кездесу кезінде бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындадық. Швейцария конституциясында "халықтың мықтылығы – мұқтаждардың әл-ауқатымен өлшенеді" делінген. Швейцариялық серіктестеріміз де Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарға жоғары баға берді. Қазақстан көптеген сын-қатерді нық сеніммен еңсерді. Қазіргі таңда тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде орнықты. Жалпы өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша біздің елдеріміздің ұстанымдары ортақ. Мұны зор ризашылықпен атап өткім келеді. Алдағы уақытта да біз халықаралық деңгейде күш-жігерімізді біріктіріп, үйлесімді жұмыс істеуге келістік. Біздің еліміз өзінің сыртқы саяси бағдарында сабақтастық дәстүрін берік сақтайды. Қазақстан көпвекторлы сындарлы қағидатты ұстанып, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үдерістеріне белсене қатысады. Осы мәселелерге аса мән беріп өттім, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел президенті швейцариялық тарапқа Қазақстан мен Швейцария гуманитарлық салада және БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары контексіндегі бастамаларды бірге іске асыруды ұсынды.

Қазақстан Сирия бойынша Астана процесін өткізуге алаң болып отырғаны белгілі. Бұл Женева процесін толықтыратынын атап өту керек. Келіссөздер барысында Швейцарияның гуманитарлық сыртқы саясатына жоғары баға бердім. Швейцария - 2015 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын қабылдауда бастамашылық еткен елдердің бірі. Берн қақтығыс аймақтарында, оның ішінде Сирияда зардап шеккен миллиондаған тұрғынға көмек көрсетеді. Мен швейцариялық тарапқа Орталық Азиядағы трансшегаралық су пайдалану және су дипломатиясына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірдім. Осымен байланысты Қазақстанның БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру контексінде және гуманитарлық салада бастамаларын ескере отырып, біздің серіктестерімізге аталған салада күшімізді үйлесімде жұмылдыру  перспективасын қарастыруды ұсындым, - деді мемлекет басшысы.

15 жыл ішінде Швейцария Қазақстанға 24 млрд доллардан астам инвестиция құйған.

Әлем және Қазақстан Швейцарияны инновациялық өнеркәсібімен, дамыған ауыл шаруашылығымен, сонымен қатар әлемнің ең маңызды қыржы және банк орталығы ретінде таниды. Қазақстан тұрақты экономикалық дамуы және аймақтағы инновациялық климаты жоғары ел ретінде танылды. Doing Bissness рейтингінде Қазақстан 25-орын алды. Бүгінде Швейцария Конфедерациясы біздің экономикамызға инвестиция салған Қазақстанның ең ірі серіктестерінідің алдынғы қатарағы ондығына кіреді. 15 жыл ішінде Швейцария инвестициясы 24 млрд доллардан асты, - деді президент.

Сонымен қатар, Швейцариядан келген ірі компания өкілдері Қазақстанда бизнесін дамыту ұсынысын айтқан. Мемлекет басшысы бұл мақсатта бар күшін салатынын атап өтті.

Бүгін біз швейцариялық ірі компаниялардың қазақстандық нарықта жұмыс істеуге мүдделі екенін естідік. Біздің тарапымыздан олардың Қазақстанда жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалатыны туралы Маурер мырзамен келістік.  Өткен жылдың соңында екіжақты тауар айналымы 3 млрд доллардан асты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, бүгін Ақордада Швейцария Конфедерация президенті – қаржы министрі Ули Маурер мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесті. Швейцария президенті екі елдің мақсат-мұраттары ортақ екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы