Швейцарияда ДСҰ-ның министрлер конференциясы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін 164 елдің делегациясы Женевада бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір онда Министерлердің 12-конференциясы өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан төрағалық етуде. Бұл форум негізі Нұр-Сұлтанда өтуге тиіс болатын, бірақ коронавирус килігіп, кейінге шегерілді. Швейцариядағы арна тілшісі Жанат Эрнстің хабарлауынша, ұйым басшысы Нгози Оконджо-Ивеала 4 жұмыс бағытын ерекше атаған. Яғни Дүниежүзілік сауда ұйымының пандемияға қатысты іс-шаралар жоспары талқыланады. Балық аулау субсидиялары, ауыл шаруашылығы бойынша шешім қабылданады, ұйымды реформалау және артта қалған елдер мәселесі қарастырылады. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да сөз болады. Соғысқа байланысты украин астығын экспорттау және азық-түлік қауіпсіздігі де жан-жақты талқыға түседі. Министрлердің 12-ші конференциясына Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов төрағалық етіп отыр.

Біріншіден, бұл – Дүниежүзілік сауда ұйымының пандемияға берген жауабы. Бұл жердегі әңгіме дәрі-дәрмекті автоматты түрде лицензиялау, Ұйымның интеллектуалды меншік бойынша ережелерін жеңілдету туралы болып отыр. Яғни бір елде жасалған вакциналарды аз талаппен басқа мемлекеттерге таратуға мүмкіндік берілмек. Екіншіден, әрине азық-түлік мәселесі. Кейбір елдер өз мүддесін бірінші орынға қойып, астық, күріш, май және басқа өнімдерге экспорттық шектеу қоюға ұмтылады. Соның алдын алу үшін Дүниежүзілік сауда ұйымы тиісті Декларация қабылдауды жоспарлап отыр, – деді ҚР ПА жетекшісінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов. 

Бұл конференция 16 маусымға дейін жалғасады. Тимур Сүлейменов еліміздің ұйымдағы төрағалық қызметіне басқа мемлекеттер оң баға беріп жатқанын айтады.

Біздің топ белсенді жұмыс істеді, төрағалық қызметімізді басқа мемлекеттер жылы қабылдап жатыр. Төраға ретінде екі жақты және топтық кездесулер өткіздім. 15 маусымда Дүниежүзілік сауда ұйымы алаңында белгілі бір жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін, – деді ҚР ПА жетекшісінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы