«Шұрқ-тесік»: Ақтөбе облысының жолдары сын көтермейді

Ақтөбе облысында жыл сайын автокөлік жолдарын жөндеуге миллиардтаған қаржы бөлінсе де, әлі күнге дейін сапасы көңіл көншітпейді. Қазір тұрғындар жол сапасына қатысты өз наразылықтарын жеткізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласына қарасты Заречный ауылының тұрғыны Қайрат Бекішовтің айтуынша, жыл сайын көктемде Ақтөбенің асфальті қармен бірге «еріп кетеді». Яғни, көктем келіп, қар ерісімен, жүргізушілер ойдым-ойдым, шұрқ-тесік жолдармен жүруге мәжбүр.

Биыл да ақтөбеліктер әлеуметтік желілерде қала ішінің жолдарына қатысты өз наразылықтарын жеткізуде. Олардың бір тобы әкімдіктер дұрыс жұмыс жүргізбейді десе, енді бірқатары жолға жауапты мердігер мекемелердің жауапсыздығын алға тартады. Қалай десек те дәл қазір Ақтөбе облысындағы ең өзекті мәселе — автокөлік жолдарының жайы болып тұр.

Заречный ауылында он жылдан бері тұрамын. Жыл сайын көретініміз — осы. Қар ерісе болды, жолдар шұрқ-тесік болып, жүргізбейді. Көлігімізге обал, жүру мүмкін емес. Мәселен, екі-үш жылдан бері біз тұратын аумақтағы Заречныйдың көпірі бірнеше рет жөнделді. Жуырда ғана әкімдік шұңқырларын бітеп, үстіне брусчатка төседі. Алайда қазір жеңіл көліктер түгілі жүк көліктерінің өздері әрең жүреді. Бұл көпірдің үстімен күніне мыңдаған көлік өтеді. Жыл сайын осы көпірді жөндеуге миллиондаған қаржы бөлінеді. Алайда нәтиже жоқ, — дейді Қайрат Бекішев.

Қала тұрғыны 15 жылдан бері көлік жүргізеді екен. Ол бұрын қаланың жолдары дәл мұндай сапасыз болмағанын айтады.

Жағдайымыз жақсарған сайын жолдардың сапасы сын көтермей барады. Бұған не деуге болады? Жыл сайын көшелер жөнделгенімен, көктемде асфальт «еріп кетеді». Халық қазір шұрқ-тесік жолдардан шаршады. Тіпті, айтуға сөз жоқ. Республикада бізден басқа жолы нашар облыс жоқ шығар? Әкімдіктер мен мердігер ұйымдар неге бірлесіп, жауапкершілікпен жұмыс істемейді? — деп ашынды қала тұрғыны.

Айта кету керек, Қайрат Бекішев сөз қылған Заречный көпіріне былтыр ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Наурыз айының 26-29 күндері аралығында көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жолдың бір бағыты үш күнге жабылған болатын.

Жөндеу демекші, кеше ғана Ақтөбе облыстық мәслихатының кезектен тыс он бірінші сессиясында облыс әкімі Асхат Шахаров биыл өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде 177 жоба жүзеге асырылатынын, соның нәтижесінде жалпы көлемі 568 шақырым жол жөнделетінін айтты. Оның 431 шақырымы жергілікті жолдар болса, 137 шақырымы — ауылішілік жолдар.

Биыл жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 59,3 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 11,7 миллиард, облыстық бюджеттен 42,2 миллиард теңге және жергілікті бюджеттерден 5,2 миллиард теңге қарастырылды. Қазіргі таңда біз облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға дейін жеткізуге тырысып жатырмыз.  Былтыр бұл бағытта көп жұмыс жүргізілді. Бюджеттен бөлінген 53,5 миллиард теңгеге 456,9 шақырым жол және 117 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 44,6 млрд. теңге қаражат бөлініп, 226 шақырым автокөлік жолдарын жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде 56 шақырымы «Ақтөбе–Қарабұтақ–Ұлғайсын» тас жолы болса, 95 шақырымы — «Қандыағаш–Шалқар–Ырғыз» автокөлік жолы. 

Бұдан бөлек, биыл «Ақтөбе-Қандыағаш» автокөлік жолының реконструкциясы аяқталады. Ақтөбе қаласындағы 18 көшеге орташа, 7 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі,16 тұрғын алапқа кіреберіс жолдар салынады.

Айта кету керек, былтыр республикада жыл қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы мен жағдайы бойынша Жамбыл (98%), Маңғыстау (97%) және Қарағанды (94%) облыстары көшбасшылар қатарынан табылса, Атырау (76%), Ақтөбе (75%) және Батыс Қазақстан облыстары (52%) аутсайдерлер тізімінен көрінді. Осыны ескере келіп, биыл жауапты органдар барынша қарқынды жұмыс жасауға тырысуда. Алайда ауа райына байланысты облыста әлі бірде-бір жоба басталған жоқ.

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 82 пайызға дейін жеткізу керек. Осы мақсатта автожол саласындағы 2024 жылғы бюджеттің 18 пайызы немесе 8,7 млрд. теңгесі облыстық жолдарды дамытуға бөлініп отыр.

Оның ішінде Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы мен Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск автомобиль жолын реконструкциялауға 5,3 миллиард теңге, Шалқар-Бозой мен Қобда-Мәртөк жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге 2,1 миллиард теңге, Шалқар-Бозой жолының 15 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын өткізуге 1,3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ал аудан жолдарына бюджеттің 53 пайызы немесе 25,5 миллиард теңге қаражат тиесілі. Бөлінген қаражат аясында аудандық маңызы бар жолдардың 52 учаскесіне және 42 жоба бойынша ауылішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, — дейді А.Қайыр.

Оның айтуынша, биыл облыстық және аудандық маңызы бар, сондай-ақ ауылішілік жолдарды толық жөндеу үшін қосымша 11,3 млрд.теңге қаражат қажет. Бүгінде өңірдегі облыстық және аудандық маңызы бар, қалаішілік және ауылішілік жолдар бойынша іске асырылатын жобаларға қажет құрылыс материалдарын дайындау мақсатында жобалау-сметалық құжаттамаларға талдау жүргізіліп жатыр. 

Талдау қорытындысына сәйкес, облысқа қажетті негізгі қажеттілік — 79,5 мың тонна битум және 1,9 млн. тонна қиыршық тас. Оның ішінде жергілікті жолдарға қажет битум мөлшері 45,4 мың тонна болса, қиыршық тастың мөлшері — 800,0 мың тонна.

Битум мәселесіне келсек, бүгінде облыста сыйымдылығы 25,2 мың тонналық 8 битум сақтайтын қойма бар. Қосымша биыл битумның қажетті көлемімен мердігерлерді қамтамасыз ету мақсатында «Qazaq Bitum» компаниясымен тығыз байланыс орнатылды. Сондай-ақ 2025 жылы қуаттылығы 700 мың тоннаға дейін болатын «Batys Bitum» компаниясымен (құрылтайшысы – «Qazaq Bitum») битум зауытының құрылысы басталады. Сонымен қатар облыстағы «АЗХС» компаниясында 6 мың тонна сыйымдылығымен битум сақтайтын қойма бар. Алайда компания басшылығы қойма жалға берілді деп келіссөздер жүргізуден және кездесуден бас тартуда. Қазір біз бағытта жұмыс жасап жатырмыз, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жолға қажетті қиыршық тастың жетіспеу мәселесі облыс аумағындағы жер қойнауын пайдаланушылармен бірігіп, шешіліп жатыр. Бүгінде облыс аумағында 43 кен орнында 38 жер қойнауын пайдаланушы (Ақтөбе қаласы маңы, Шалқар, Хромтау, Мұғалжар, Қарғалы, Алға және Әйтеке би аудандарында) қиыршық тас өндіреді. Мердігерлермен бірлесіп тиісті келіссөздер жүргізілуде. Биыл бұл тұрғыда ешқандай мәселе болмайды.

Бүгінде Ақтөбе облысының үстімен өтетін республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолының «Ақтөбе–Қарабұтақ–Ұлғайсын» бөлігін жаңарту өте өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі жолаушылар мен жүргізушілер бірнеше жылдан бері осы жол бөлігінің шұрқ-тесігінен шаршап, өз наразылықтарын білдіріп келеді. Бүгінде күн сайын он мыңға жуық көлік өтетін бұл республикалық жолдың сапасы өте нашар.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, аталған жол бөлігін қайта жаңарту жобасы 7 жобалау учаскесіне бөлінген. Оның жалпы ұзындығы — 262 шақырым.

Қазіргі таңда осы жол учаскесінің 791-819 және 763-791-шақырымдары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алдағы уақытта конкурс қорытындысы бойынша бұл аумақтағы жолдарды «Сине Мидас Строй» БК» серіктестігі жөндейтін болады. Жоба құны – 57,1 миллиард теңге. Ал 763-791-шақырымдар учаскесінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны — 65,7 миллиард теңге. Екі учаскенің жалпы ұзындығы — 56 шақырым. Бұл учаскелердің жобасы аясында 110 құбыр, 8 көпір, 4 көлік айрығы, 56 түйісу және қиылысу, 1 демалыс алаңы, 10 автобус аялдамасын салу жоспарланған. Аталған жол учаскелерінің бірқатарын биылғы жылдың 4-тоқсанында аяқтау жоспарланған, — дейді А.Данағұл.

Кеше өткен Ақтөбе облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов 2024 жылы нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін кемінде 82 пайызға жеткізу үшін автомобиль жолдары басқармасына 12,2 млрд.теңге қарастырылғанын айтып берді.

Осыған орай, бюджетті нақтылауда қосымша облыстық маңызы бар жолдар бойынша 7 жобаны аяқтауға 1,6 миллиард теңге қарастырылды. 2024 жылға жоспарланған 332 шақырымды салудан бөлек, қосымша 92 шақырым жол салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, аудандық маңызы бар жолдарды салу, күрделі және орташа жөндеу бойынша 18 жобаны іске асыруға 4,3 миллиард теңге көзделуде. Ал Ақтөбе қаласы және аудандардағы ауылішілік жолдарды салу және жөндеу бойынша 18 жобаны іске асыруға 1,9 миллиард теңге қарастырылды, — деді Н.Мақсатов.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік айналма және Сәңкібай батыр көшесін қосатын Ғазиза Жұбанова атындағы көшені төрт жолақты етіп реконструкциялауға 500 млн.теңге қарастырылған. Бұл жоба Ақтөбе қаласының Алтын орда шағын ауданындағы көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында Ақтөбе қаласындағы 12 мектеп пен Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында салынатын мектепті абаттандыруға, осы білім беру ұйымдарының кіреберіс жолдарын салуға 3,6 млрд. теңге бөлініп отыр.

Қалай десек те, биыл өңірдегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлінген қаржының мөлшері жетерлік. Алайда жолдар сапалы және өз уақытында салынып, ел игілігіне беріле ме, міне, мәселе осында болып тұр...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы