Шұғыл шаралар еліміздің тұрақтылығын нығайтуды көздейді – Әшімбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте берген тапсырмалары туралы пікір айтты.
Кеңес барысында қазіргі ахуалды тұрақтандыру үшін мұнай өнімдерінің бағасына 180 күнге мемлекеттік реттеуді енгізу жөнінде нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу, коммуналдық тарифтерді көтеруге 180 күнге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру, денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру жөнінде қосымша тапсырмалар берді, – деді Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасының атап өтуінше, президентіміз «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң әзірлеуді және Бас прокуратураға Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен бәсекелестікке қарсы басқа да іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді де тапсырған.
Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Тоқаевтың сөзін мысалға ала отырып, дәл қазір бізге өзара сенім мен диалог керек екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының бүгін түнде Қазақстан халқына бейнеүндеу жариялап, елді іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырды, – деді ол.
Әшімбаев дәл қазір әрбір шешімнің маңыздылығын түсіндірді.
Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласы мен Маңғыстау және Алматы облыстарында төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Президентіміз қабылдаған бұл шұғыл шаралар еліміздің тұрақтылығын нығайтуды көздейді. Сондықтан дәл қазір біздер үшін Мемлекет басшысының шешімдеріне қолдау білдіріп, елдің береке-бірлігін бекемдей түсу аса маңызды, – деді ҚР Сенат Төрағасы.