Шұғыл медицинаның жаңа кезеңі: Елордадағы бірегей орталықта алғашқы сәби дүниеге келді
Қазақстанда шұғыл медициналық көмекті үйлестіретін тұтас жүйе құрылып, денсаулық сақтау саласы жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде елордада ашылған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы (ҰШМҮО) тек бір аурухана немесе диспетчерлік қызмет емес – бұл тұтас елдегі жедел көмекті бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін кешен. Орталықтың жұмысына BAQ.KZ тілшісі баспасөз туры барысында қанық болды.
Көпбейінді клиника – 29 бағыт, 9 департамент
ҰШМҮО құрамындағы көпбейінді аурухана – еліміздегі ең заманауи клиникалық базалардың бірі. Мұнда 250 төсекке арналған клиника 9 клиникалық департаментпен жабдықталған, 29 бағыт бойынша медициналық қызмет көрсетеді. Атап айтқанда:
- Жалпы хирургия
- Полижарақат бөлімі
- Акушерлік
- Гинекология
- Нейрохирургия
- Урология (амбулаториялық хирургиямен)
- Кардиоторакалдық хирургия және кардиология
- Іріңді-септикалық және комбустиология бөлімі
- Терапия
Бұл құрылым ауыр жағдайдағы пациенттерге толық көлемде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Медициналық авиация – өмір мен уақыттың арасы
ҰШМҮО ерекшеліктерінің бірі – медициналық авиацияның толық инфрақұрылымы. Мұнда тікұшақтарға арналған алаң мен ангар бар.
2025 жылдың І жартыжылдығында 1 047 рейс орындалған, оның ішінде:
- Ұшақпен – 829 рейс
- Тікұшақпен – 218 рейс
Бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 10,1%-ға көп. Сонымен қатар Түркия, Вьетнам, Германия, Оңтүстік Корея және Египеттен ауыр науқастарды тасымалдау бойынша 5 халықаралық рейс орындалған.
Жоғары технология – нақты диагноз, дәл ем
Аурухана соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толық жабдықталған:
- 256 кесінділі КТ
- 3 Тесла МРТ
- Ангиограф, цифрлық рентген, УДЗ аппараттары
- 12 операциялық блок
- KINEVO 900 роботтандырылған микроскопиялық жүйесі
KICK навигациялық жүйесі – хирургтарға нақты көрініс пен бағыт береді.
Акушерлік бөлімшеде алғашқы сәби дүниеге келді
Орталық іске қосылған 17 наурыздан маусымға дейін аралығында 3 000-ға жуық науқас емдеуге жатқызылды. Соның ішінде АҚШ, Тәжікстан, Чехия, Нигерия, Корея және Қытайдан келген 14 шетелдік азамат бар.
Айта кетейік, жаңадан ашылған акушерлік бөлімшеде алғашқы босану тіркеліп, дүниеге Кәусар есімді қыз бала келді.
Бұл оқиғаны орталықтың басқарма төрағасы, жоғары санатты нейрохирург Ержан Әділбеков ерекше атап өтті.
Сондай-ақ сәбилерді реанимациялайтын бөлме мен жаңа технологияға сай аппараттармен қамтылған.
Бұрын шұғыл медициналық қызметтер ел аумағында шашыраңқы болса, енді біз бүкіл елдегі жағдайды бір орталықтан бақылап, үйлестіре аламыз. Бұл – шалғай өңірлерден келген ауыр науқастарға білікті әрі жедел көмек көрсетуге үлкен мүмкіндік, – деді орталық басшысы тілшілерге берген сұхбатында.
Қашықтан мониторинг пен телемедицина
ҰШМҮО-ның жанынан ашылған Ахуалдық орталық арқылы ауыр жағдайдағы пациенттерге тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
Бұған қоса, Оқу-тренинг орталығы халықаралық стандарттар негізінде кезек күттірмейтін көмек көрсетуді үйретеді.
Инсульт пен жүрек ырғағын емдеудің республикалық деңгейі
ҰШМҮО құрылымында:
- Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы
- Жүрек ырғағы орталығы жұмыс істейді.
Бұл орталықтар әдіснамалық, ұйымдастырушылық және диагностикалық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Қазақстанда алғаш рет шұғыл медициналық көмекті кластерлік үлгіде дамытуға жол ашылды.
ҰШМҮО — тек бір мекеме емес, бұл уақытпен жарысатын жүйе. Ол – өмір мен өлімнің арасында тұрған жандарға жедел әрі сапалы көмек беруге бағытталған ұлттық шешім.