"Шұғыл әрекет етуіміз керек". Смайылов жылу мәселесі жайлы айтты
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов еліміздегі жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуіміз керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы елімізде күн күрт суытып кетті. Осыған байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түседі. Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар орын алатыны мәлім. Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бірақ, жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды, – деді Премьер-министр.
Ол әкімдіктер тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйелердің жұмысын ерекше бақылауда ұстауы керегін айтты.
Авариялар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде, объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе, өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді, – дейді Смайылов.
Бұған дейін министр жылу желілеріндегі мәселе қалай шешіліп жатқанын айтқан еді.