Шудағы мектептегі рэкет: 11-сынып оқушысы кіші сыныптардан ақша талап еткен
Жамбыл облысының Шу ауданында 11-сынып оқушысы кіші сыныптағы оқушыларды бопсалау дерегі бойынша тергеуге алынды. Өңірде балаларға қатысты қылмыстар көбейіп, прокуратура арнайы мобильді топ құрды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысы прокуратурасында жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау және арнайы қызмет өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселесіне арналған жұмыс кездесуі өтті.
Талқылауға себеп – алаңдатарлық үрдіс. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында жасөспірімдер қылмысы 16%-ға төмендегенімен, қыркүйек айының басынан бері өңірде балаларға қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар мен суицидке дейін жеткен қайғылы жағдайлар көбейген.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров уәкілетті құрылымдар мен мобильді топтардың алдын алу жұмыстары жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жасөспірімдердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты прокуратура және тиісті ведомстволар қызметкерлерінен құралған арнайы ведомствоаралық мобильді топ құру туралы шешім қабылданды.
Аталған топ Байзақ және Жамбыл аудандарында жұмысын бастап, мектептердегі жағдайды – буллинг, бопсалау және психологиялық қысым деректерін зерттеуде. Ұқсас шаралар Тараз қаласы мен облыстың өзге аудандарында да жүргізіліп жатыр.
Алғашқы нәтижелер де көп күттірмеді: 19 қыркүйекте Шу ауданында бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу дерегінше, 11-сынып оқушысы 9-10-сыныптағы оқушыларға жүйелі түрде қысым көрсетіп, ақша талап еткен деген күдікке ілінді, - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Сонымен қатар, Тараз бен Шу ауданында үш кәмелетке толмаған жасөспірімнің өліміне әкелген қайғылы оқиғаларды тергеуге ерекше көңіл бөлінуде. Облыс прокуроры бұл істер бойынша есептерді тыңдап, процессуалдық прокурорлар тобын бекітті және барлық қажетті тергеу амалдарын жүргізуді тапсырды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының жеке бақылауында.
Алдағы уақытта мектептерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін психологтар, әлеуметтік педагогтар және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды тарту жоспарланып отыр.