Шуда екі ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды – Жамбыл облысы
Жамбылда Шу ауданындағы Төле би және Жаңақоғам ауылдық округтерінде ауыз су жүйесі мен су шығару ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауыз су – ауылдықтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Алайда, дәл осы мәселе Төле би ауылының батыс бөлігінде көптен бері шешілмей келе жатқан түйткіл еді. Бұдан былай мұндағы тұрғындар сапалы ауыз суды тұтынбақ. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне жаппай қосылуы тиіс. Бұл ауылдықтардың сапалы ауыз су тұтынуына жол ашса, екіншіден жауапты мекеменің жұмысын жүйелі етуге сеп болады, — дейді құттықтау сөзінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков.
Мерейлі мерекеде Жаңақоғам ауылдық округіндегі ауыз су мәселесі де шешімін тапты.
Айта кетейік, Жамбыл облысында өткен жылы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 94,9 пайызды құраса, биыл жыл қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш 98,1 пайызға жетеді. Ағымдағы жылы 37 ауылдық елді мекенге тіршілік нәрін тарту көзделген.