Бүгiн 2026, 10:26

Щучинсктегі жарылыс: Астанаға жеткізілген бес науқастың да жағдайы ауыр

Олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында 5 науқас бар, олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы орталықтың басқарма төрағасы Ержан Әділбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бес науқастың да жағдайы ауыр.

Бір науқаста жоғарғы тыныс жолдарының күйігі бар. Бұл жарақаттың қауіптілігі– көмей мен жоғарғы тыныс жолдары ісініп, соның салдарынан оттегінің өкпеге өтуі қиындайды немесе мүлде тоқтайды. Бұл науқастың жағдайы өте ауыр. Қазіргі емдеу тактикасы бойынша, тынысын жеңілдету үшін, мүмкін, трахеостомия жасауға тура келеді. Яғни, тыныс алу жолын ашып, әрі қарай жансақтау шараларын жүргіземіз,- дейді ол.

Ал екінші науқастың да жағдайы ауыр екенін жеткізді.

Оның денесінің шамамен 35%-ы күйген. Күйік негізінен бетінде, қолдарында, мойынның артқы бетінде және иық тұсында орналасқан. Кей жерлерінде үшінші Б дәрежелі күйіктер бар, бұл – ең ауыр күйік түрлерінің бірі,-деді ол.

Дәрігер сөзінше, қазіргі таңда бұл санаттағы науқастар күйік ауруының салдарынан травматикалық шок жағдайында жатыр. Науқастарда «скафандр» іспетті қорғаныс қабаты бұзылған. Соның салдарынан олар температуралық әсерлерге де, түрлі қабыну процестеріне де өте осал болып қалады.

Біздің басты міндетіміз – осы асқынулардың алдын алып, дер кезінде бақылауға алу. Интоксикация кезінде уытты заттар ағзаға сіңіп, бүйрекке зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан қажет болған жағдайда науқастарды гемодиализ аппаратына қосуымыз керек болады,-дейді Әділбеков.

Сондай-ақ, науқастардың еміне ұзақ уақыт қажет болады.

Бұл бір айдың ғана емес, бірнеше айға созылатын ем. Сондықтан біз оларды ұзақ мерзімді, кезең-кезеңімен емдеуді жалғастырамыз,- деп мәлімдеді орталық басшысы.