Щучинскідегі жарылыс: Қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңге төленеді
Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, ахуалдың толық бақылауға алынғанын хабарлады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, оқиға болған сәттен бастап жедел штаб құрылып, барлық тиісті қызметтер шұғыл түрде іске кіріскен.
Жағдай дереу бақылауға алынды, жедел штаб құрылды. Қазіргі мәлімет бойынша, 28 адам зардап шекті, 7 адам қаза тапты. Қаза болғандардың ішінде бір кәмелетке толмаған бала бар. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган қаза тапқандар мен зардап шеккендерге материалдық қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төленеді. Ал зардап шеккендерге 1 млн теңгеден беріледі, – деп нақтылады Арай Садықов.
Әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қатысты барлық мәселелерді өз бақылауына алған. Сондай-ақ қаралы іс-шараларға қатысу үшін басқа өңірлерден келетін туыстарды орналастыру және алып жүру бойынша да көмек көрсетіліп жатыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.
26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.
Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.
Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.
Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.