Шұбат, ұн, макарон. Шанхайдағы ЭКСПО-ға Қазақстан қандай өнімін ұсынды?

Шанхайда басталған V Қытай халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) Қазақстан павильоны құрғақ түйе сүтін, ұн, макарон, тұз, жемістен жасалған қақ және басқа да өнімдерін таныстырып жатыр. Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

Қазақстан бұрышын ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі күні қытайлық бизнес-серіктестер жеміс қақтарына қызығушылық танытып отыр.

Бүгін Шанхай уақытымен сағат 15.00-де Қазақстан павильоны ресми түрде ашылды. Көрменің ашылуына Қазақстанның Шанхайдағы бас консулы Рахымжан Рахымов қатысты.

Консулдың сөзінше, павильонды ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырып отыр.

Рахымов өз сөзінде алдымен Қытай халықаралық импорт көрмесінің бюросы, Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі және Шанхай Халық үкіметінің Қазақстан павильонын ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

Қытай халықаралық импорт көрмесі - шет елдердің сауда мүмкіндіктерін көрсетуге, сондай-ақ өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарды орнатуға тамаша мүмкіндік беретін әлемдегі ең тиімді және сұранысқа ие сауда және инвестициялық алаңдардың бірі. Қазақстан - Қытай халықаралық импорт көрмесінің тұрақты және белсенді қатысушысы. Биыл Қазақстан павильонында 24 танымал қазақстандық сүт, кондитерлік, ұн комбинаттары, макарон өнімдері және басқа да азық-түлік кәсіпорындарының әртүрлі тауар түрлері ұсынылған, - деп түсіндірді Шанхайдағы бас консул.

Сонымен қатар Рахымжан Рахымов мырза Қазақстандық павильон Қытайдың 5-ші халықаралық импорттық көрмесіне келушілер арасында үлкен танымалдылыққа ие болып, көрме қорытындысы бойынша екі елдің іскер топтары арасында Қытайдың нарығына жоғары сапалы қазақстандық азық-түлік және ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізуге өзара тиімді коммерциялық келісімшарттар жасалатынына үміттенетінін айтты.

Сондай еліміздің павильонының ашылуына шетелдік қонақтар да қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Соның бірі Қытай халықаралық импорт көрмесі директорының орынбасары Лю Фусиэ мырза.

Көрмеге қатысушылар қызыл лентаны кесіп, павильон жұмысын ресми түрде ашып, қазақстандық тауарлармен танысты.

Көрменің ашылуында Қытайдағы отандастарымыздың бірі домбырада күй шертіп, келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, Шанхайда V Қытай халықаралық импорт көрмесінің (CIIE) салтанатты ашылу рәсімі 4 қарашада өтті.

Көрме жұмысы 5 қарашадан 10 қарашаға дейін жалғасады.

ЭКСПО-ға биыл әлемнің 145 елі мен өңірінен компаниялар мен ұйымдар қатысады. Оған алғаш рет Никарагуа, Джибути, Мавритания, Комор аралдары, Мозамбик, Конго Демократиялық Республикасы, Ирак және Исландия қатысып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы