Штаб өкілі сайлау заңнамасын түсіндірді

Сайлау науқаны аясында Ақтөбеге арнайы келген «Адал сайлау үшін» штабының өкілдері С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесіп, оларға Сайлау туралы заңнаманы түсіндірді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Сайлау құқығы мен процесінің өзекті мәселелері» тақырыбында сайлау заңнамасын түсіндіру бойынша өткен кездесуге Астана қаласынан келген «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Әбдікәрім Ақжанов қатысты.

Елімізде 18 жасқа толған әрбір сайлаушы сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы керек. Жалпы сайлауға қатысу — бұл жалғыз құқық емес, азаматтық міндет. Сондықтан мен осында отырған баршаңызды осынау саяси науқаға қатысуға шақырамын. Өздеріңіз білесіздер, осындай науқанда ел арасында әр түрлі алып-қашпа пікірлер болып жатады. Сондықтан заң тұрғысынан алып қаасақ, егер біз 20 қарашада өтетін сайлауға барып дауыс беріп, белсенділік көрсетсек, сіз бен біздің дауысымызды ешкім ұрламайды. Бүкіл Қазақстан болып сайлауға қатыссақ, кімге болса да өз дауысымызды берсек, ешқандай заң бұзушылық, басқа да олқылықтар болмайды, — деген ол жиналғандарға сайлаушы мен байқаушының міндеті мен құқығы жөнінде айтып берді. 

Әбдікәрім Ақжанов заң факультетінің студенттеріне конституциялық реформалардың маңызы, сайлау заңнамасының, сайлау процесін ұйымдастырудың негізгі ережелерін әңгімелей келе, бұл шараның ең басты миссиясына да тоқталып өтті.

Сайлау — бұл дұрыс таңдау жасау. Егер біз саяси науқанда дұрыс таңдау жасамасақ, онда ертең сол шешіміміздің нәтижесімен күресетін боламыз. Сол себепті кез келгеніңіз ел болашағы үшін жақсы бастамалар мен реформалар жүзеге асыратын үміткерді таңдау керексіздер. Бұл жерде ел мен жердің тағдыры, біздің болашағымыздың ертеңі жатыр. Сондықтан халықтың жағдайын жақсартатын, болашақ ұрпаққа дұрыс жол көрсететін азаматты біз Президент етіп сайлауымыз керек, — деді ол.

Кездесу барысында  жоғары оқу орнының басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы сайлау заңнамасына қатысты ой-пікірлерін ортаға салып,  елге арнайы келген штаб өкіліне өз алғыстарын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы