ШҚО-да кәсіпкер 250 бас ұсақ малды құрбандыққа шалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құрбан айт мерекесіне орай Үржар ауданындағы Қабанбай ауылының тумасы, Алматыдағы туристік фирманың белді қызметкері Төлеужан Ғалиева 250 бас ұсақ малды құрбандыққа шалды, деп хабарлады ШҚО ақпарат орталығы.

Құрбандыққа шалынған малдың еті Қабанбай мен Қарабұлақ ауылдарында тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты адамдарға таратылды. Оған ауыл тұрғындары дән риза.

Төлеужан Мұратқызының қолдауымен Қабанбай ауылындағы 250 және Қарабұлақ ауылындағы 30 отбасына көмек көрсетілді.


Бұл игі істен Үржар ауданындағы Көлденең ауылында құрылған "Юбилейный" ЖШС-нің басшысы Мамырбек Қарашев та шет қалмады, - делінген хабарламада.

 Ол түйені құрбандыққа шалып, 100 отбасыға 700 келі ет үлестіріп берді. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлер, сонымен қатар мұқтаж жандар да бар.


Құрбан айтта жерлестерін назардан тыс қалдырмай, көмек көрсеткен Мамырбек Бақтығазыұлына жерлестерінің айтар алғысы зор.

Айта кетейік, Құрбан айт күллі мұсылман қауымы асыға күтетін ұлық мереке. Бұл татулық пен бауырмалдыққа үндейтін мейрам екенін атап өткен орынды.
Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығы кешелі бері онлайн құрбандық шалып, игі істер мен сауапты амалдарды жүзеге асыруда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы