ШҚО тұрғындары сүт өнімдерімен 100 пайыз қамтылады
ШҚО-да жыл басынан бері 350 тоннадан астам сүт өнімдері өндірілген. Қазір сүт өнімдерін өндіруден республика бойынша 6-орында тұр. Сүтті мал шаруашылығын дамыту туралы әкімдіктің кезекті отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағындықов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдағы уақытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары аясында тұрғындар жергілікті жерде өндірілетін сүт өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етілмек.
Қазіргі күні оның дамуына бірқатар факторлар кері әсер етіп жатқаны жасырын емес. Атап айтқанда, жемшөп базасының дұрыс қамтылмауы, қаржылық және инвестициялық мәселелер, тұрақсыз эпизоотиялық жағдай және білікті мамандардың жетіспеуі. Десе де халықты толықтай қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға мүмкіндігіміз бар , - деп атап өтті Равиль Нығметжанұлы.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шығыс Қазақстанға 1 535 118 000 теңге несиелік қаражат бөлінген екен.
Бүгінгі таңда сүт саласын дамыту бойынша 54 млрд теңгеге 15 ірі инвестициялық жоба жасалды. Оны іске асыру кезінде сиыр басын 9680-ге, ішкі сүт өндірісін 92 мыңға ұлғайтып, оны 186 мың тоннаға дейін жеткіземіз деген болжам бар. Сүтті қайта өңдеу жүктемесін 96 пайызға арттырамыз. Нәтижесінде, 2026 жылға дейін халықты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 94 пайызға жетеді. Сонымен қатар 68 тұрақты жұмыс орны құрылады, - деді Рамиль Сағындықов.