ШҚО полицейлері тұрғынға дрон арқылы жоғалған малын тауып берді

ШҚО полицейлері тұрғынға дрон арқылы жоғалған малын тауып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

“102” жедел арнасына облыстың 48 жастағы тұрғыны ақбас тұқымды 27 сиырдың жоғалғаны туралы өтінішпен жүгінген.

Ер адам түнде малды қараусыз қалдырғанын және таңертең оралғанда оны таппағанын хабарлаған.

Хабарлама алғаннан кейін полиция қызметкерлері дереу іздеуге кірісті, аумақты тексеру үшін дрон пайдаланылды. Бірнеше сағат ішінде полицейлер орман алқаптарын, жақын маңдағы шалғындықты тексеріп, үй-үйді аралап шықты. Сонымен қатар, іздеу шараларына Ұлттық ұланның атты взводы қатысты.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары өрістен 8 шақырым жерден жоғалған 23 сиырды тапты, қалған 4 бас сәл кейінірек табылды. Олардың барлығы иесіне қайтарылды. Белгілі болғандай, қоршаудың есігі дұрыс жабылмаған, ал қараусыз қалған мал сыртқа еркін шығып кеткен.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті өз малын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау мақсатында, келесі сақтау нормалары талаптарын сақтау қажеттігін ескертеді:

– малды қараусыз қалдырмау, оны ұстау орындарының нығайтылуына қадағалау;

– мал басына міндетті түрде ен салу және таңбалау қажет, бұл болашақта ұрланған және жоғалған малды іздеуге, сондай-ақ табыншылар арасындағы ықтимал дауларды шешуге оң әсер етеді;

-қылмыс жасалған жағдайда олардың ашылуына ықпал ететін GPS-трекерлерді орнату арқылы асыл тұқымды малды бақылаудың заманауи әдістерін кеңірек қолдану.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы