ШҚО полицейлері интернет алаяқтар тобын ұстады

 ШҚО полицейлері интернет алаяқтар тобын ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мақсатты іс-шаралар өткізу нәтижесінде 2022 жылдың қаңтарынан бастап интернет желісі арқылы алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты ұстады. 

Ағымдағы жылдың 19 қаңтарында Өскеменде тәртіп сақшылары қылмыстық әрекетті ұйымдастырушыны ұстаған, ол 28 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ 22 және 27 жастағы көмекшілері болған.

Күдіктілер Instagram әлеуметтік желісінде жалған “бір күндік” аккаунт ашып, онда “онлайн несие ресімдеуге көмек” туралы хабарландырулар орналастырған. Әрі қарай алдау арқылы өздеріне жүгінген азаматтарға олар микрокредиттік ұйымдарда тауарлық кредиттер ресімдеген.

 Қазіргі уақытта Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде және Шығыс Қазақстан облысында тұратын 109 жәбірленуші анықталған. Күдіктілердің тұрғылықты жеріне тінту іс-шараларын жүргізу барысында теңгеріміне 60-тан астам тұлғалардан толықтырулар жүзеге асырылған ұялы телефондар, түрлі банктердің банктік карталары, ұялы байланыс операторының Simply карталары тәркіленген.

 Жедел-тергеу іс-әрекеттерін жүргізу кезінде олар қылмыс жасау үшін 253 мобильді құрылғы мен ұялы операторлардың 573 абоненттік нөмірін пайдаланғаны анықталды.   

Сонымен қатар, жүргізілген тергеу әрекеттері барысында полиция қызметкерлері жәбірленушілерге несие ретінде ресімделген теледидар, планшет, ұялы телефондарды күдіктілер Өскемен қаласының ломбардтары мен комиссиялық дүкендеріне тапсырған, сондай-ақ өткізілген тауарлардың жазбалары бар журналдар сияқты заттай дәлелдемелерді тәркілеген. 

Криминалдық полиция қызметкерлері осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында басқа облыстарға бағдар жолдады. 

Күдіктілерге қатысты ҚР ҚҚ-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу іс шаралары жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы