ШҚО онкологтары бір күнде 260-тан астам адамға кеңес берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел аумағындағы аймақтық онкологиялық ұйымдарда колоректальды қатерлі ісік пен жатыр мойны обырының алдын алу және ерте диагностикалау бойынша Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Altaynews.
Шығыс Қазақстанда Ашық есік күні екі медициналық ұйымда - Өскемендегі көпсалалы онкология және хирургия орталығында және Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығында өткізілді.
Шара барысында сағат 09.00-ден 14.00-ге дейін 260-тан астам адам колоректальды қатерлі ісік және әйел жыныс мүшелерінің ісіктерін ерте анықтау бойынша онкологтардан тегін кеңес алды.
Мамандар әйелдерге белгілі бір белгілерді байқағанда, дер кезінде гинкологқа, одан кейін онкологқа қаралу керек екенін ескертеді.
Сонымен қатар,асқазан-ішек жолдарының жұмысына қатысты шағымдар пайда болғанда да онкологқа маманнан кеңес алған жөн. Әсіресе, жасы 50-ден асқан адамдарға өз денсаулық жағдайын бақылап, дер кезінде дәрігерге қаралып отырулары керек.
Естеріңізге сала кетейік, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер МӘМС аясында колоректальды қатерлі ісікті анықтауға тегін скринингтік тексеруден өте алады. Ал анықтау жатыр мойны обырының скринингі МӘМС шеңберінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар деңгейінде де тегін жүргізіледі.