ШҚО-ның май өнімдері Еуроодаққа экспортталады
Шығыс Қазақстан облысының май өнімдері Еуроодақ елдеріне экспортқа шықты. Қазір жергілікті тауарөндірушілер Франция, Германия, Польшаға өнім жөнелтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар24»-ке сілтеме жасап.
Биыл сыртқа сатылатын сұйық майдың үлесі екі есеге артып, 180 тоннаға дейін жетуге тиіс. Жалпылай алғанда елдегі сұйық майдың өндірісі 30 пайызға өскен. Шығыс Қазақстан облысында еліміздегі май өнімдерінің 80 проценті шығарылады. Өңірде күнбағыс жинау науқаны әлі аяқталған жоқ. Себебі қыркүйек айында жергілікті шаруаларға 8 мың тоннаға жуық арзандатылған жанар-жағармай жетпей қалған еді. Қазір мәселе шешілді.
Бүгін біз арзандатылған 50 тонна дизельдік отынға өтініш жібердік. Енді алаңдамаймыз, - дейді шаруа қожалығының басшысы Мейір Абытаев.
Қазақстан күнбағыс экспортын нығайтып жатыр. Биыл Қытай еліне сатылған майдың көлемі 5 есеге артты. Экономикалық зерттеу институты талдаушыларының мәліметі бойынша, отандық өндірушілер мен трейдерлер жарты жылдың ішінде одан 40 млн.доллар табыс тапқан. Әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты оларға Еуроодақ та шыққан.
Сәуір айынан бері Франция, Германия, Польша, Балтық елдерімен байланыс орнаттық. Қазір олардың жағынан сұраныс еселеп артты, - деді май зауытының директоры Татьяна Костина.
Экспорттан түсетін пайданы ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары да санап жатыр. Қазір бидайға қарағанда майлы дақылдардың тиімділігі орасан зор. Сондықтан Үкімет оның үлесін 600 мың гектарға арттырып, 3,5 млн. гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бірақ күнбағыс жердің құнарлылығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Күнбағыс өзіне көп ылғал тартады. Азот, фосфорды да молынан қажет етеді. Сондықтан оны бір жерге қайта-қайта еге беруге болмайды. 2-3 жылдан кейін өнім аз шыға бастайды, - дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағындықов.
Өсімдік өсірушілер күнбағыс сатумен ғана шектелмейді. Жоспар тұқым өсіруді мен өңдеу сапасын жақсарту. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан берілетін субсидия май тұқымын өңдеуге, тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуға жұмсалатын логистикалық және басқа да шығындарды өтейді. Алдағы екі жылда күнбағыс майының жаһандық экспорты 10 миллион тоннадан асуы мүмкін. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 процентке жоғары.