Бүгiн 2026, 16:47 Фото: istockphoto.com

ШҚО-ның 17 жастағы шахматшысы халықаралық гроссмейстер атанды

Ақтөбе Open турнирінен кейін Алдияр Ансат халықаралық гроссмейстер нормативін толық орындады.

Шығыс Қазақстан облысының 17 жастағы шахматшысы Алдияр Ансат халықаралық гроссмейстер атағын алу үшін қажетті барлық талаптарды ресми түрде орындады. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.

Шешуші кезең Ақтөбе Open турнирі болды. Осы жарыстың қорытындысы бойынша спортшы рейтингілік көрсеткішін 2500 ұпайдан асырып, ең жоғары шахматтық атақты иеленуге қажетті барлық нормативті толық орындады.

Алдияр Ансат Қазақстандағы ең жетістігі мол жас шахматшылардың бірі саналады. Ол алты жасында еліміздегі ең жас спорт шеберлігіне кандидат атанса, 11 жасында FIDE шебері, 13 жасында халықаралық шебер атағын алды. Ал 15 жасында Қазақстан Республикасының ең жас еңбек сіңірген спорт шебері атанды.

Шахматшының мансабындағы ең жарқын жетістіктердің бірі – Қазақстан чемпионатында бірден екі жас санатында жеңіске жетуі. Ол 10 жасында 12 жасқа дейінгі және 14 жасқа дейінгі спортшылар арасында алтын медаль жеңіп алды. Арада бес жыл өткен соң Алдияр Қазақстанның ерлер арасындағы чемпионы атанды.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, халықаралық гроссмейстер нормативін орындау – көпжылдық дайындықтың, халықаралық турнирлердегі табысты өнер көрсетудің және спорттық шеберліктің тұрақты өсуінің нәтижесі.