Бүгiн 2026, 08:55 Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

ШҚО мен Жетісу облысында биік таулы көлдерге мониторинг жүргізілуде

Мамандардың қорытындысына сәйкес, өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстан облысында «Қазселденқорғау» филиалының мамандары мен ТЖД қызметкерлері мұздықтардың еруінен қалыптасқан мореналық көлдердің жай-күйін бақылауда ұстап отыр. Тұрақты суық түскенге дейін өңірдегі 144 көл тұрақты мониторингтен өтеді.

Жағдайды бағалау мақсатында ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Риддер қаласы маңындағы Иванов жотасында, Громотуха және Ақ Үбі өзендері алаптарында орналасқан 30 мореналық көлге әуеден тексеру жүргізілді. Мамандар көлдердің су деңгейін, сел, су тасқыны және көшкін қаупіне әсер етуі мүмкін факторларды бағалады.

Тексеру нәтижесінде таулы аймақтарда қар жамылғысының іс жүзінде жоқ екені, көлдердің мұз бен қардан ішінара арылғаны анықталды. Су деңгейі төмен, бөгеттер арқылы судың асып төгілуі тіркелмеген. Сондай-ақ Кіші Үлбі су қоймасы тексеріліп, бөгет тұтастығына қатысты ақаулар анықталған жоқ.

ТЖД мәліметінше, Риддер өңіріндегі сел, су тасқыны және көшкін жағдайы тұрақты, елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарына қауіп жоқ.

Осындай мониторинг жұмыстары Жетісу облысында да жүргізілді. Әуеден Қора, Көксу, Көктал, Кескентерек, Өсек, Шежін, Тышқан, Бұрхан және Қорғас өзендерінің алаптары тексерілді.

Мамандардың қорытындысына сәйкес, өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақты. Мұздықтардың белсенді еруі байқалмайды, ал сел қаупі бар учаскелер мен биік таулы көлдер тұрақты бақылауда тұр.