ШҚО кәсіпкерлері заңсыз жауапкершілікке тартылып келген
ШҚО прокуратурасы кәсіпкерлерді ескіру мерзімі өткен құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартудың жүйелі фактілерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Өскемен қаласының мемлекеттік кірістер органдары бизнес субъектісін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша аударымның жоқтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Алайда, құқық бұзушылық жасалған сәттен бастап және факт анықталуына дейін 2 жылдан астам уақыт өтті. ӘҚБтК 62-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам құқық бұзушылық жасалған кезден бастап екі ай өткен соң әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Осы жағдайларды ескеріп, Өскемен қаласының прокуратурасы мемлекеттік кіріс органының қаулысына наразылық енгізген. Наразылық қанағаттандырылды. Кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Кәсіпкерлерге қатысты тағы 56 заңсыз әкімшілік іс анықталды, оларға да наразылық енгізілген (бүгінгі күні 19 наразылық қанағаттандырылды), - делінген ведомство хабарламасында.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасуда.