ШҚО денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге 2,73 млрд теңге бөлінді

2023 жылы Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге 2,73 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 2 нысанды күрделі жөндеуге 1,05 млрд теңге. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 нысанды жөндеуге 1, 04 млрд теңге және "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында 8 нысанды күрделі жөндеуге 645,1 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова мәлімдеді.

Инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін Өскемен қаласында қуаты 148 төсек-орын болатын гематологиялық орталық салынуда. Сондай-ақ Риддер қаласында 200 төсектік стационары және ауысымына 500 адам қабылдайтын емханасы бар көпбейінді аурухана кешенінің құрылысы жалғасуда, - деді Айнаш Қапанова. 

"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған, оның ішінде: 27 медициналық пункт, 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда облыста 6 медициналық ұйым жоғары технологиялық қызметтердің 50 түрін көрсетеді. Ағымдағы жылы көрсетілетін ЖТМК саны 2021 жылмен салыстырғанда 120%-ға өсті.

Дегенмен, ШҚО денсаулық сақтау саласында бірқатар проблемалық мәселе бар. Солардың бірі кадр тапшылығы, ол жергілікті бюджет есебінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша 34 резидентті және медициналық ұйымдар қаражаты есебінен 60 резидентті оқыту арқылы шешіледі, - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ЖТМК-ның 29 түрі бойынша 209 қызмет орындалды. Облыс тұрғындары үшін эндоваскулярлық медицина әдістерімен қолқа жүрек ақауларын емдеу, эпилепсияның ауыр түрлерінде мидың бір бөлігін алып тастау операциясы, жүрек ауруының ауыр түрлерімен ауыратын науқастарда жүректің тоқтап қалуын болдырмау үшін кардиостимулятор орнату сияқты бірегей операциялар қолжетімді болды. Сонымен қатар Өскемен қаласының № 4 Қалалық ауруханасында және Алтай ауданының ауданаралық ауруханасында ЖТМК енгізу үшін қыркүйек айында лицензиялар алынып, 1 қазаннан бастап жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілетін болады, - деп толықтырды Қапанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы