10 Қыркүйек 2026, 20:56 Фото: polisia.kz

ШҚО-да жыл басынан бері хабар-ошарсыз кеткен 100-ге жуық адам табылды

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 100-ге жуық азаматтың жүрген жерін анықтады. Олардың қатарында 56 кәмелетке толмаған бала бар.

Адамдардың жоғалуына қатысты әрбір дерек полицияның жіті бақылауында. Хабарлама түскен сәттен бастап криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларына кірісіп, жағдайдың мән-жайын анықтайды және жоғалған азаматтың жүрген жерін табуға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Іздеу барысында аумақтарды жаяу және автопатрульдермен тексеру, ізшіл иттерді пайдалану секілді дәстүрлі тәсілдермен қатар, заманауи технологиялар да кеңінен қолданылады. Бет-әлпетті тану функциясы бар бейнебақылау камералары адамның қозғалыс бағытын анықтауға мүмкіндік берсе, тепловизормен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары жетуі қиын аумақтарды тексеруге көмектеседі.

Полиция мен іздестіруге тартылған басқа да қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде жоғалған азаматтардың басым бөлігі хабарлама түскеннен кейінгі алғашқы сағаттарда табылады. Бұл әсіресе балаларды іздеу кезінде аса маңызды, өйткені мұндай жағдайда уақытылы әрі жедел әрекет ету – басты факторлардың бірі.

Полиция жақын адамыңыз хабар-ошарсыз жоғалған жағдайда уақыт жоғалтпай, дереу полицияға хабарласуға шақырады. Уақтылы берілген ақпарат іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастырып, азаматтың аман-есен табылу мүмкіндігін арттырады.